2019 жылдың соңында ҚР президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Республикасының «Педагог мәртебесі туралы» заңына қол қойды. Ақорданың баспасөз қызметі таратқан хабарламада: «Мемлекет басшысы «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне педагог мәртебесі, оқушы мен мұғалімге жүктемені төмендету мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңына қол қойды» -делінген. Мемлекет басшысы мұғалімдердің мәртебесін айқындайтын заңға қол қойғанынан кейін ертеңіне ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов Facebook парақшасында аталған заң туралы пост жариялады. Министрдің постын қаз-қалпында жариялап отырмыз.

Достар!

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Педагог мәртебесі туралы» Заңға қол қойды.
Барлық ұстаздар қауымын осындай тарихи шешімнің қабылдануымен құттықтаймын!
Өздеріңіз білетіндей, Президент биылғы Тамыз кеңесінде және өз Жолдауында осы Заңның шеңберінде ұстаздардың жалақысын екі есе өсіру, мұғалімдердің жүктемесін азайту, өзіне тән емес жұмыстардан босату мәселелерін қарастыруды тапсырған болатын.
Елбасымыз Н. Ә. Назарбаевтың осы Заңды даярлау бойынша ұстаздардың жағдайын жақсарту, қағазбасылықтан, орынсыз есептіліктен босату және де тағы да басқа өзекті тапсырмалары толығымен қамтылды.
«Педагог мәртебесі туралы» заң 21 баптан тұрады және жарты миллионнан астам ұстаздың жұмысына қатысты.
Жалпы Заң төрт бағытты қамтиды:
Бірінші, ұстаздардың құқықтарын кеңейту және өзіне тән емес жұмыстан босату, жүктемесін азайту;
Екінші, мұғалімнің қызметіне қойылатын талаптарды күшейту;
Үшінші, материалды емес стимул тетіктері;
Төртінші, материалдық ынталандыру.

Педагог жұмысын ынталандыруға бағытталған негізгі шараларға тоқталып кетсем:
–2020 жылы жалақыны 25% өсіру, 4 жыл ішінде екі есе арттыру;
–жаңа жүйе бойынша енді балабақша, колледж педагогтері де біліктілік санаты үшін лауазымдық жалақыдан 30% бен 50% аралығында қосымша ақы алатын болады;
–педагог міндетіне жатпайтын функцияларға тартудан қорғау;
–орынсыз есептіліктен босату;
–педагогтердің балаларына тұрғылықты жері бойынша мектепке дейінгі ұйымдарға бірінші кезекте орын беру;
–тәлімгерлік үшін мектеп мұғалімдеріне әр ай сайын қосымша ақы ( 17 мың теңге) еңгізу;
–2021 жылдан бастап мектеп мұғалімдеріне бір ставка үшін саналатын оқу жүктемесін 18 сағаттан 16 сағатқа дейін төмендету;
–ғылыми-педагогикалық бағыттағы магистр дәрежесі үшін әр ай сайын мектеп ұстаздарына 10 АЕК (25,5 мың теңге) мөлшерінде үстеме ақы төлеу;
–сынып жетекшілігі және дәптер тексергені үшін төленетін ақыны екі есеге арттыру;
–біліктілік санаты үшін мектеп директорлары мен олардың орынбасарларының жалақысын 30-дан 100%-ға дейін қосымша ақы төлеп арттыру;
– әскери қызметке шақыруды кейінге қалдыру;
–халықаралық конкурсттар мен жарыстардың жеңімпаздарын, түрлі олимпиадалармен спорттық жарыстардың лауреаттарын даярлаған педагогтерге 3 лауазымдық жалақыға дейін біржолғы сыйақы төлеу;
–«Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы» мемлекеттік марапат тағайындай және иегерлеріне 1000 АЕК мөлшерінде біржолғы сыйақы төлеу.
–42 күн демалатын педагогтердің демалыс уақытын 56 күнге ұзарту;
Тағы да басқа жаңа бастамалар қарастырылды.
Ең бастысы Заң қаржымен толығымен қамтамасыз етілді.
Жалпы, 2024 жылға дейін 5 триллион 3 миллиард теңге осы нормаларды жүзеге асыру үшін бюджеттен бөлінеді.
Бұдан басқа, ілеспе заңда ата-ананың жауапкершілігін арттыру, бала құқығын қорғау, ұстаздарға әдепсіз мінез-құлық көрсеткені үшін, орынсыз есептілік, қағазбасылық, заңсыз тексерістер үшін нақты санкциялар, яғни айыппұлдар қарастырылды.
Ендігі кезекте, Заң талаптарының орындалуы барысында қоғам болып белсенділік танытуымыз керек.
Еліміздегі мұғалімдердің беделін, абыройын арттыруға үлкен мүмкіндік беретін жаңа Заң ұстаздарымыздың мерейін өсіріп, мәртебесін арттыра түсетініне сенімдімін.
Министірлік Заңның орындалуын тікелей бақылауында ұстайды. Жалпы, аталмыш Заң білім сапасының артуына тікелей әсер ететін болады.

ЕСКЕРТУ: Қазақстан Республикасының «Педагог мәртебесі туралы» Заңының мәтіні «Egemen Qazaqstan» газетінің 2019 жылдың 31 желтоқсанында жарық көрген №250 (29729) санында жарияланды.

Педагогті құрметтемесе, қанша айыппұл төлейді?

Қазақстан Республикасының «Педагог мәртебесі туралы» заңына сәйкес, педагогті құрметтемесе қанша көлемде айыппұл салынады?

7-6. Педагогке өзінің лауазымдық міндеттерін орындау кезінде былапыт сөйлеуден, лайықсыз мінез-құлықтан, мазақ қылудан, әбес қылықтар (белгілер), заттар көрсетуден көрінген, оның ішінде бұқаралық ақпарат құралдарын немесе телекоммуникация желілерін пайдалану арқылы құрметтемеушілік таныту –
жеке тұлғаларға 30 айлық есептік көрсеткіш (АЕК) мөлшерінде айыппұл салуға алып келеді.
7-7. Осы баптың 7-6-бөлігінде көзделген, он екі жастан он алты жасқа дейінгі кәмелетке толмағандар жасаған әрекеттер –
ата-анаға немесе оларды алмастыратын адамдарға 20 АЕК мөлшерінде айыппұл салуға алып келеді.
7-8. Осы баптың 7-6-бөлігінде көзделген, әкімшілік жаза қолданылғаннан кейін бір жыл ішінде қайталап жасалған әрекеттер –
жеке тұлғаларға 40 АЕК мөлшерінде айыппұл салуға не бес тәулікке дейінгі мерзімге әкімшілік қамаққа алуға алып келеді.
7-9. Осы баптың 7-7-бөлігінде көзделген, әкімшілік жаза қолданылғаннан кейін бір жыл ішінде қайталап жасалған әрекеттер –
ата-анаға немесе оларды алмастыратын адамдарға 30 АЕК мөлшерінде айыппұл салуға алып келеді.

7-3. 1) Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген жағдайларды қоспағанда, педагогті кәсіптік міндеттерімен байланысты емес жұмыс түрлеріне тарту;
2) педагогтен Қазақстан Республикасының білім беру саласындағы заңнамасында көзделмеген есептілікті не ақпаратты талап етіп алдыру;
3) Қазақстан Республикасының заңдарында көзделмеген тексеру жүргізу;
4) педагогке тауарлар мен көрсетілетін қызметтерді сатып алу бойынша міндетті жүктеу;
5) мемлекеттік орта білім беру ұйымының педагогін өз кәсіптік қызметін жүзеге асыру кезінде мемлекеттік емес ұйымдардың іс-шараларын өткізуге тарту түрінде жасалған бұзушылық –
ескерту жасауға алып келеді.
7-4. Осы баптың 7-3-бөлігінде көзделген, әкімшілік жаза қолданылғаннан кейін бір жыл ішінде қайталап жасалған әрекет –
лауазымды адамдарға – 20, шағын кәсіпкерлік субъектілеріне немесе коммерциялық емес ұйымдарға – 60, орта кәсіпкерлік субъектілеріне – 80, ірі кәсіпкерлік субъектілеріне 120 АЕК мөлшерінде айыппұл салуға алып келеді.

*** 2020 жылы 1 АЕК көлемі 2 651 теңге деп белгіленген

«Оңтүстік Рабат», №1-2, 8 қаңтар 2020 ж