Қаратау ауданы прокуратурасында аудан әкімі, полиция және өзгеде мемлекеттік органдардың қатысуымен мекемеаралық мәжілісі өтті. Онда 2019 жылдың қорытындысы бойынша өсімі байқалған қылмыстарды құрықтау және қылмыстық істерді электронды форматта жүргізу мәселелері қаралды.

Аудан прокуроры Қантөре Хандиллаев тіркелген қылмыстық құқық бұзушылықтар 2,7%-ға төмендегенін айтып, алаяқтық қылмыстары бойынша азаматтарға жалпы 118 млн. теңге залал келтірілгенін атап өтті.

«Уәкілетті мемлекеттік органдардың және полиция қызметкерлерінің өз жұмысына немқұрайлы қарау салдары қылмыстық құқық бұзушылық профилактикасының сапасыздығына алып келді» – деді аудан прокуроры.

Жиынға қатысушылар ұрлық қылмысының алдын алу мақсатында жаяу патрульдің және жалпы полиция күштерінің маршруттары мен орналасу орындарын тыныш аймақтардан криминогенді аймақтарға жұмылдыру қажеттігін жеткізді.

Мәселен, Қаратау ауданында спирттік ішімдік сатылатын екі мейрамханадан 32 рет полицияға шақырту түскен. Бұған қарамастан, полиция қызметкерлері мейрамхана басшыларымен әлі де профилактикалық түсіндіру жұмыстарын жүргізбеген.
Бұл бағытта полиция мен әкімдікке аталған орындарды зерделеп, нәтижелі шара қолдану тапсырылды.

Айта кетейік, электронды форматтағы сотқа дейінгі тергеп-тексеру іс-құжаты бойынша 2019 жылы аудандық полиция басқармасымен 667 іс тіркелген, оның 68-і сотқа жолданған. Полиция басқармасына осы нысандағы іс жүргізудің пәрменділігін арттыру ұсынылды. Ал мәжіліс қортындысымен қылмыстық құқық бұзушылықтың алдын алу мақсатында мекемеаралық арнайы топ құрылды.

Мөлдір Бекеева