Құжатсыз, баспанасыз, қаржысыз қалған Ресей азаматшасы Валентина Миловидова арнамызға хабарласқан болатын. Қазанқап ақын көшесінде тұратын қарт әжейдің оқиғасы өзгелерді де ойландырады деген мақсатта материалды жария етіп отырмыз.
Мәселенің мән — жайын анықтау мақсатында біз полиция қызметкерлерімен 92 жастағы әжеймен кездестік. Азаматша баспанасыз, құжатсыз, қаржысыз қалғанын айтады. 1973 жылы Шымкенттен Ресейге көшкен Валентина Николаевна былтыр қыркүйекте Шымқалаға оралуына тура келіпті. Себеп баспанасыз қалған, Новосибирсктегі екі бөлмелі пәтерін ол асырап алған жалғыз баласына сыйлаған.
Валентина Миловидова, Ресей мемлекетінің азаматшасы: «Жасым келгенде баспанасыз, туыстарымның қолдауынсыз қаламын деп ойламаппын. Зейнетақы алатын карточкам жоқ. Мына пәтерді сатып жатыр. Далада қалайын деп тұрмын. Ардагерлер үйіне мені орналастыруға көмек көрсетіңдерші».
Әңгіме барысында әжейдің туған сіңлісі Шымкентте тұратыны анықталды. Сұрастыра келе бауырының қыздарының бірі Ирина қамқоршы ретінде ресми тіркелмесе де, қолынан келген көмегін көрсетіп жүргенін білдік.
Ирина Истомина, Валентина Миловидованың туысы: «Еш ойламаппын туған апамның бізге сондай жала жабатынын. Мен халыққа қызмет көрсету орталығында болдым, Ресейден келген бойда былтыр біз көші қон қызметінде тіркелдік. Және осы ағымдағы жылдың басынан күшіне енген жаңа ереже бойынша шетелдік азамат ретінде туыс апамды қайта тіркедім. Валентина Николавнаның төлқұжаты бар. Қазір мен Қазақстан Республикасының азаматтығын алу бойынша құжаттарды рәсімдеудемін. Барлық зейнетақысын да түбіртектерімен толық қолына алып келемін. Алдын азық-түліктерін жеткізіп беретін едім. Жақтырмай өзім аламын деген соң, ақшасын беріп отырамын. Қанша жақсылық жасасаң да, қолдау көрсетпей жатыр далада қалдым дегені жаныма батты. Бұл да маған Алла Тағаланың берген сынағы шығар».
Ирина Истоминаның айтуынша туыс апасының арызы бойынша учаскелік полиция қызметкері келіп, құжаттарды тексеріпті. «Және жасы келген әжейді жалғыз қалдырмауға өтініш жасады. Алайда апайым бізбен бірге туруға құлық танытпауда. Өзінің таңдауы бойынша жиі жағдайын сұрастырып тұруға келістік» дейді Ирина.
Шынар Оразова