Қоғам белсендісі Руслан Жанпейісов күні кеше Кентау қаласында болып, әлеуметтік желіде бейнежазба қалдырған болатын.

Онда көлігіне ксенон орнатқан жүргізушіге қатысты мәселенің басын ашып алмақ болып, Кентау қалалық полиция бөліміне барғанында онда басшысы да, орынбасары да, жауаптылардың бірде бірі жұмыс орнында болмағаны жайлы айтылған. Осыған байланысты Түркістан облыстық Полиция департаменті әлеуметтік желіде жазба жариялады.

«Әлеуметтік желіде ксенондық нөмірлері бар автокөліктердің ҚР Жол қауіпсіздік ережелерін бұзу жайты бейнеленген бейнежазба таратылуда. Аталған жайтқа байланысты Кентау қаласының полиция қызметкері жол қозғалысы ережесін бұзғаны үшін ҚР ӘҚБтК-нің 590-бабы «Көлік құралдарын пайдалану қағидаларын бұзу» бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Сондай-ақ, Кентау қалалық полиция бөлімі әдеттегідей қызметін атқарып жатқандығын хабарлаймыз. Жауапты адамға қатысты қызметтік тексеру жүргізіледі.

Сонымен қатар, Түркістан облысының полициясы азаматтарға, егер сіз қандай да бір құқық бұзушылықтың немесе қылмыстың куәгері болсаңыз, онда міндетті түрде сенім телефонына немесе 102 нөміріне хабарласу керектігін естеріңізге салады».