Сайрам ауданына қарасты Қарасу ауылының тұрғындары №74 мектепке барар жол оқушылар үшін қауіпті екенін айтып биліктегілердің назарына іліккен.

Құрылысы аяқталмаған Жібек жолы күре жолында  әзірше бағдаршам орнату мүмкіндігі болмағандықтан, жауаптылар жаяу жүргіншілер жолының екі тұсында арнайы кедергі орнатыпты. Осы жолмен күнделікті өтетін оқушылары үшін алаңдайтын мектеп басшылығы кедергіні ауыр жүк көліктері жарамсыз халге жеткізгенін алға тартуда.

Сайрам ауданы Қарасу ауылындағы №74 орта мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Нұргүл Бөріқұлова «бағдаршам орнату жөнінде жазбаған мекемеміз қалмады. Ауыл әкімнен бастап, аудан басшысына да арызды жеткіздік. Құрылыс аяқталмай, бағдаршам орнатылмайды екен. Сондықтан да, күре жолға арнайы кедергі қойған. Оның өзі байқадыңыздар, бір жерлері сырылып жоқ болып кеткен. Ауыр жүк көліктер қатынайтын күре жол болғандықтан шыдас бермейтіні анық. Тағы бір қауіпті аймақ, жолдың бір бөлігі  жабылса да, көлік жүргізушілері белгіні сырып, тыйым салған құрылысы жүріп жатқан жолмен жылдамдықпен жүреді. Оқушыларымыз үшін қорқамыз. Көмек көрсетіңіздер» дейді.

Айта кететін жәйт, 3 шақырымнан ұзақ Ақбай, Ақтілек ауылдарынан қатынап оқитын балаларды мектеп автобусы тасымалдайды. Олардың аман, есен жетуін білім ордасында бекітілген кестеге сәйкес жауаптылар қамтиды дейді мектеп басшылығы.

Шынар Оразова