Еңбекші ауданының әкімі Ғалымжан Ілиясов халық алдында қортынды есебін берді. Қала әкімі Қуаныш Айтаханов қатысқан жиынға келген көпшіліктің қарасы қалың. Жергілікті тұрғындар ауданда шешімін таппай отырған жылу, жол, қоғамдық көлік мәселелерін көтерді.

Осыған дейін әкімдіктің табалдырығын талай рет тоздырса да шенеуніктердің қабылдауына кіре алмай келген тұрғын мүмкіндікті мүлт жібермеді. «Шаңырақ» шағынауданындағы көпшіліктің аманатын арқалай келген ауыл биі сапасыз жолдың, қоғамдық көліктің мәселесін көтерді.

Шаһар басшысының қатысуымен өткен есептік жиында ине шаншар жер болмады. Билік өкілдерімен бетпе-бет келген тұрғындар шағынаудандардағы көптен бері шешімін таппай келе жатқан жылу, жарықтандыру мәселелерімен қоса кәріз жүйелерін жаңартуға қатысты талаптарын да жеткізді.

Ауданды алты жылдай уақыт басқарған Ілиясов мырза елдімекендердегі мәселелермен етене таныс екенін байқатты. Жыл бойына атқарылған ауқымды шараларды жіпке тізгендей баяндап шықты. Сенсек, барлық салада өсім бар. Алайда, шағындаудандарды газдандыру, сапалы электр жарығымен қамту жұмыстарын әлі де болса ширата түсу қажет екен.

Аудан әкімінің қорытынды жиынына келіп ауыз ашпай кете жаздаған Айтахановты ақыры көпшілік сөйлеткізбей қоймады.

Айта кетейік, бұл аудан әкімінің 5-ші қорытынды есептік жиыны. Тұрғындар тарапынан 200-ге тарта сауал келіп түскен. Шенеуніктер халықтың өтініш, талап-тілектерінің бірі де ескерусіз қалмайды деп уәде етті.

Мақпал Рысбаева