Шымкент: 1635 еріктіге стипендия тағайындалды

235

Қайырымды қала Шымкенттегі жоғары оқу орындарына «Әлеуметтік студенттік кредит» жобасын іске асыру аясында жалпы 1635 орын бөлінген. Бұл туралы Жастар ресурстық орталығы басшысының орынбасары Жани Қамбар баспасөз брифингінде мәлім етті. Яғни, Волонтерлер жылында ерікті жастар қаржылай стипендияға ие болып, кредиттік сабақтары қысқарады.

Бұл жоба Білім және ғылым министрлігі мен Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі арасында жасалған ынтамақтастық меморандум аясында жүзеге асады. Жоба аясында жоғары оқу орындарының студенттері ақшалай сыйақы алып, қоғамдық пайдалы жұмыс нәтижелері үшін академиялық кредиттерді қайта есепке ала алады. Мәселен, күндізгі оқу нысанындағы жоғары оқу орындарының студенттеріне 20 сағат қызметі үшін 20 мың теңгеге, 50 сағат қызметі үшін 50 мың теңгеге дейінгі кредит ретінде әлеуметтік студенттік кредит түрлері ұсынылады.

Ерікті студенттер сабақтан тыс уақытта волонтер ретінде балалар үйлерінде, қарттар үйлерінде, білім беру және басқа да әлеуметтік мекемелерде көмек көрсетеді.

Ерікті боламын деген жастар бірыңғай платформаға тіркеліп, өзі жайлы анкета толтырады. Qazvolunteer.kz сайтында тіркелген ұйымдарға барып кредиттік сағаттарын өтей алады. Бүгінде аталған платформаға Шымкент қаласынан 700-ге жуық жас, 57 ұйым тіркелген. Ерікті жастарға қолғабыс еткен әр күнгі іс-әрекетін фотоға немесе бейнежазбаға түсіруіне тура келеді. Қаржылай сыйлық есепті өткізген волонтерлерге бөлінеді екен.