Бүгін ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау бірінші вице-министрі Ержан Жылқыбаев Шымкентке іс сапармен келді. Іс сапар Абай ауданы әкімі аппаратының ғимаратынан ашылған АӘК-ке құжаттар қабылданатын бөлімнің жұмысымен танысудан басталды.
Сапар барысында Әл Фараби, Еңбекші, Қаратау аудандары әкімдері аппараттарының жанынан ашылған қабылдау бекеттерінде де болып, азаматтармен кездесіп, АӘК жаңа форматын түсіндірді. Көрсетіліп жатқан қызметтердің сапалылығын тексеру үшін құжат қабылдау бекеттеріндегі материалдық-техникалық базамен танысты.
Айта кетейік, тұрғындардың өтініштерін қабылдау жұмыстарына 60-қа жуық ерікті жұмылдырылып отыр. Еріктілер қызметкерлермен бірлесіп қала тұрғындарына бағыт-бағдар беріп, қызметті дер кезінде әрі сапалы көрсетуге ықпал етеді. Осыған дейін Шымкентте 1056 азаматтан кұжат қабылданып, 3262 тұрғынға кеңес берілді.