Шымкентте әлеуметтік бағадағы арзан өнімдер сатылуда

483

Шымкентте әлеуметтік азық-түлік тауарлары бағасын тұрақтандыру және негізсіз өсуіне жол бермеу мақсатында жергілікті билік тарапынан шаралар қаралған.

Қалада ауыл шаруашылығы жәрмеңкелерінен бөлек, ірі базарлардың жанында мәселен, «Көмеш бұлақ», «Айна», «Автонұр», «Қапланбек», «Дархан», «Алаш», Жаңа шаһар», «Қырғы базарда» сауда нүктелері ұйымдастырылып картоп, пияз, күріш сияқты әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары тізбесіне кірген өнімдер сатылуда. Тұрақтандыру қорына қала бюджетінен 1,9 млрд. теңге қаралған.

Жаңа шаһар базарының алдында жылжымалы әлеуметтік дүкен ашылғанына Ләззакат Давидова риза. Өйткені жұмысы осы төңіректе болғандықтан, түскі үзілісте қажетті азық — түлік тауарларын әлеуметтік бағада сатып алады.

Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының тізбесіне 19 өнім енгізілген.
1. Бірінші сұрыптағы бидай ұны
2. Бірінші сұрыптағы ұннан жасалған бидай наны
3. Макарон өнімдері
4. Қарақұмық жармасы
5. Тазартылған күріш
6. Картоп
7. Сәбіз
8. Қырыққабат
9. Пияз
10 Қант
11. Күнбағыс майы
12. Сиыр еті
13. Тауық еті
14. Майлылағы 2,5 пайызды сүт, жұмсақ қаптамада
15. Майлылығы 2,5 пайызды айран, жұмсақ қаптамада
16. Сары май /тұздалмаған, майлылығы кемінде 72, 5 пайыз/
17. Жұмыртқа / 1 санатты/
18. Ас тұзы /Экстрадан басқа/
19. Сүзбе, майлылығы 5-9 пайыз

Жылжымалы әлеуметтік дүкенде картоп — 70 пен 95 теңге аралығында, пияздың келісі — 65 теңге, сәбіз бен қырыққабат 90 теңгеден, күріштің келісі — 250 теңге сатылуда.
Қазір қаладағы 30 — дан астам ірі сауда орындарында әлеуметтік бағадағы азық-түлік өнімдері сатылуда.

«Грамад» гипермаркетінде 100 млн. теңгеге несиелендіру келісімшарты түзіліп, «Фиркан» сауда желісінің меншік иесімен банктік кепілдеме құжаттары рәсімделуде. Қалалық статистика департаменті тарапынан тұрақты түрде 26 сауда нысандары бойынша баға мониторингі жүрігізіледі.

Әлеуметтік бағадағы өнімдер «Қажымұқан» атындағы орталық стадион жанында «Рахима плаза», «Фосфоршылар» мәдениет үй және «1000 ұсақ түйек» сауда қатарларының жанында әр сенбі-жексенбі күндері ұйымдастырылатын ауыл шаруашылығы жәрмеңкесінде сатылады.

Әлеуметтік бағадағы өнімдердің сапасына, әлеуметтік дүкендердің жұмысына қатысты шағымдарыңызды 24-74-23 қалалық кәсіпкерлік және  индустриалды-инновациялық даму басқармасы мамандарына жеткізуге мүмкіндігіңіз бар.

Шынар Оразова