Атаулы әлеуметтік көмекті алуға 10 күнде Шымкентте 9 мыңнан аса отбасы ниет білдірген. Бұл туралы бүгін осынау тақырыпқа арналған баспасөз брифингісінде қала әкімінің орынбасары Ербол Садыр мәлімдеді.

Бүгінде құжаттар шаһар бойынша 5 жерде қабылданып отыр. Алдағы уақытта олардың санын арттыру көзделген. Жаңа форматтағы қаржылай төлемдер бұрыңғыдай әр отбасына әртүрлі уақытта емес, әр айдың 10-жұлдызыдында есепшоттарға аударылып отырады. Салаға жауаптылар бұдан былай АӘК-ке үміткер отбасылардың материалдық жағдайына тексеру жүргізетін комиссияның жауапкершілігі де артады дейді.

Қорытынды жасау үшін комиссия мүшелеріне мерзімді үш күннен жеті күнге дейін созу көзделіп отыр.

Ербол Садыр, Шымкент қаласы әкімінің орынбасары: «Әлеуметтік әділеттікті қамтамасыз ету үшін АӘК нағыз мұқтаж, өмірлік қиын жағдайға тап болған және өз бетінше шығуға мүмкіндігі жоқ адамдарға ғана тағайындалуы тиіс. Заң жобасында учаскелік комиссиялар үшін атаулы әлеуметтік көмекке мұқтаждығын анықтау тәртібі бекітіледі, сондай-ақ учаскелік комиссияның қорытындысы бойынша мұқтаж емес отбасыларға атаулы әлеуметтік көмек тағайындалмайтын болады».

Мақпал Рысбаева