Марат Қожаев, ҚР Ішкі істер Министрінің бірінші орынбасары:»Қырғызстан мен Армениядан әкелінген көліктер кедендік рәсімдеуден өтуі тиіс. Әкімшілік кодексте бұл туралы анық жазылған. Егер ереже бұзғандар анықталса, жүргізушіге айыппұл салынып, көлігі тұраққа тоғытылады».
https://www.youtube.com/watch?v=V4EeT64WLv8&feature=youtu.be
«Еуразиялық экономикалық одақтың ортақ талабын орындадық», – деген Ішкі істер Министрлігі соңғы жылдары шекарадан ешбір кедергісіз елге кірген көліктерді енді заңсыз деп отыр. Ендігі жерде, шетелдік нөмір таққан жүргізушілер көліктерін кедендік рәсімдеуден өткізуі керек. Егер бұл тиісті талапқа сай болмаса, елден шығаруға міндеттелді.
Мұны естіген Шымкент жұрты шығынға шаш-етектен бататын болдық деп базынасын арқалай, аттаңдап «Наурыз» алаңына жиналды. Автокөліктердің арғысын Армениядан, бергісін Бішкектен әкелген ағайын тәртіп сақшыларымен бетпе-бет жүздесуге де сол теміртұлпарларын мініп келіпті.
Бұл ереженің Ресей мен Белорусьтен әкелінген көліктерге ешқандай қатысы жоқ. Яғни, олардың жүріп-тұруына ешқандай тыйым салынбаған. «Ал осы күнге дейін емін-еркін зулаған қырғыз бен Армения көліктерін енді жол сақшылары мен кеден қызметкерлерінің қыспаққа алатыны анық», – деген жүргізушілер тағы да құзырлылардың қызметі мен құзыретіне шүйлікті.
Мөлдір Бекеева