Шымкентте жүк көлігі жер астына түсіп кетті. Оқиға Жолдыбай Нұрлыбаев көшесінде орын алған. Тұрғындардың айтуынша асфальттің қақырауы мұнда алғаш рет емес. Көпшілік бұған дейін де айдың күннің аманында тегіс жолдың опырылуын көрген. Осыдан қорыққан олар енді әкімдікке жүгінбек.

Шымкенттегі Жолдыбай Нұрлыбаев көшесінде бұл апат осыдан екі күн бұрын орын алған. Жол үстінде жантайған «Су ресурстары маркетинг» ЖШС-нің жүк көлігі. Кәріз құбырын бақылаймыз деп шыққан олар күтпеген жерден жолда қалыпты. Бұған куә болған Ж. Нұрлыбаев көшесінің тұрғындары асфальт опырылуына ендігі көз үйренгенін айтады.

Тұрғындардың сөзінше «Су ресурстары- Маркетинг» «өздері қазған орға өздері түскен». Бірақ, бұл пікірмен серіктестік мамандары келіспейді. Айтуларынша, кінә коммуналдық жүйе қызметкерлерінен кеткен. Айтуларынша, арықтың болмауынан жауын суы жерге сіңіп, құбырларды бітеп тастаған. Оның соңы асфальттың опырылуына апарып соққан.

Бақыт Орманов, Шымкент қалалық «Су ресурстары маркетинг» ЖШС»/нің кәріз бөлімінің маманы: «Бүгінгі таңда аталған кәріз коллекторын қиып өтетін диаметрі – 300 мм болат ирригациялық құбыр бітелу салдарынан, траншеяға су кеткендігі анықталды. Сол себепті, ұзындығы 15метр, ені 3метр, тереңдігі 60 см траншея отырған.
6 қаңтар күні «Су ресурстары – Маркетинг» ЖШС-нің қызметкерлерімен тексеру барысында отырған жерлер анықталып, тас төсеу барысында тас артқан меншігіміздегі ауыр жүк көлігінің артқы жағы траншеяға түсіп кеткен. Бүгінгі таңда пайда болған барлық ақаулар өз есебімізден қалпына келтірілді, отырған жерлерге тас төсеу жұмыстары толығымен жүргізілді. Ауа – райының қолайсыздығына байланысты асфальт қабатын төсеу жұмыстары наурыз айына қалдырылды»

Жүк көлігін көтере алмай, опырылған жер қазір тегістеліп, қайта қалпына келтіріліді. Бірақ, бұл тұрғындардың көңілін көншітпейді. Себебі әкімдікке арызданып жүріп салдырған жолдар бұған дейін де бірнеше рет опырылып түскен екен. Жағдай тағы да қайталана ма деп қорыққан олар енді қала әкіміне бармақ.

Назерке Үкібасова