Шымкенттік үздік жастар марапатталды

352

Осымен 9-рет ұйымдастырылған байқауға биыл 126 үміткер ниет білдірген. Нәтижесінде оның 34-і өз саласының үздігі деп танылды. Олардың арасында «Отырар» телеарнасының тілшісі де бар.

Медицина, құқық қорғау, білім, айтыс саласының мықтыларымен қатар оқушылар мен студенттер де бар. Барлығы 28 салада топ жарған жастар әкім қолынан марапат алып, сыйақыға да қол жеткізді. Ол үшін жастар басқармасы 3 млн. теңгеге жуық қаржы бөлген.

Жандос Қалтаев, Шымкент қаласының Отбасы, балалар және жастар істері жөніндегі басқармасының басшысы: «Жастар жылында жастарға көптеген көмектер берілді. Нақтылап айтқанда 904 пәтер беріліп жатыр, 5 жылға сатып алу құқығынсыз. Одан бөлек 1600 жас оқудан өтті, 700-ге жуығы грант иегері атанды. Енді Тәуелсіздіктің 28 жылдығына орай 28 саланың жастарын үздік деп таңдап, іріктеп отырмыз».

«Үздік жастар» байқауында топ жарғандардың бірі «Отырар» телеарнасының тілшісі — Нұрлан Сұлтанбек. «Открывай Шымкент», «Жаңа күн» және «Жер жаһан» бағдарламаларының жүргізушісі «Отырардағы» жұмысын бір жыл бұрын бастаған.

Нұрлан Сұлтанбек, «Отырар» телеарнасының тілшісі: «Бүгінгі беріліп жатқан марапатқа дән ризамын. «Отырар» телеарнасына бір жыл бұрын келген едім. Енді міне «Жылдың үздік тілшісі» атандым. Маған сенім білдірген басшыларым мен ұйымдастырушыларға айтар алғысым зор».

Марапат алған жастар кездесу соңында қала әкімімен әңгіме өрбітті. Өз жоспарлары мен ұсыныстарын білдірген олар жауаптыларға алғыстарын жаудырды.

Назерке Үкібасова