Түркістан қаласының полицейлері пәтер тонаған күдіктіні ізін суытпай ұстады

57

Түркістан қаласының Полиция Басқармасына жергілікті тұрғын арызданған. Ол өз арызында үйіне белгісіз тұлғалар кіріп, екі ұялы телефоны мен үш газ балонын ұрлап кеткенін көрсетеді . Жәбірленушіге келтірілген шығынның жалпы көлемі 200 мың теңгені құрады.

Оқиға орнына келген полиция қызметкерлері қажетті деп танылған жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізді. Аулаларды аралап, куәгерлерден жауап алды.
Осы уақытта полицияға жергілікті тұрғынан қала көшелерінің бірінде белгісіз ер адам қолданылған ұялы телефон сатуды ұсынып жүр деген хабар келіп түседі. Патрульді полиция қызметкерлері жедел түрде аталған мекен-жайға барып, Кентау қаласының тұрғынын «ізін суытпай» ұстады.

Күдікті Түркістан ҚПБ-на жеткізілді. Күдіктіден жоғалған ұялы телефондар айғақты зат ретінде алынып, тәркіленді.

Осы жайт сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне енгізіліп, ҚР ҚК 188-бабы «ұрлық» бойынша тіркелді.

Тергеу барысында күдікті үй иесінің жоқтығын пайдаланып, жәбірленушінің үйіне кіріп, газ баллондарын және ұялы телефондарын ұрлап, оны сатпақшы болғаны айқындалды.

Қазіргі уақытта осы пәтер ұрлығы дерегі бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Полиция қызметкерлері күдіктінің басқа да осыған ұқсас пәтер ұрлығына қатыстылығын анықтауда.

Өз кезегінде, Түркістан облысының полицейлері азаматтарға қырағы болуды және тұрғын үйлерін қараусыз қалдырмауды ескертеді. Терезелерді темір торлармен, ал есіктерді сенімді құлыптармен бекіту қажет. Сондай-ақ, мүмкіндігінше үйлерде бейнебақылау камералары мен Күзет дабылын орнату қажет. Егер сіз осындай қылмыстардың құрбаны немесе куәгері болсаңыз, шұғыл 102 телефоны арқылы полицияға хабарласыңыз