Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында әлеуметке қатысты бірқатар тапсырмалар берген болатын. Соның бірі – көпбалалы отбасыларға әлеуметтік жағынан барынша қолдау білдіру.
Осы тапсырма аясында Түркістан облысында облыс әкімі Өмірзақ Шөкеевтің бастамасымен қолға алынған «Қамқорлық» жобасы жүзеге аса бастады.
«Біз жағдайы тым төмен, кризистік және қанағаттанарлықсыз деңгейде өмір сүріп жатқан 2000-ға жуық отбасын анықтап, олардың әрқайсысына материалдық көмек пен қажетті кеңес беретін арнайы куратор тағайындаймыз. Арнайы кураторлар ретінде бекітілген мекеме басшылары, депутаттар және қоғам қайраткерлері бұл отбасыларға бөлінген қаржы және өз қаражаттарынан олардың жағдайын қанағаттанарлық деңгейге жеткенше көмек беретін болады. Бұдан бөлек, «Қамқорлық» бағдарламасы арқылы жанұя мүшелерін жұмысқа тұрғызу, оқыту және өзге де мәселелер тікелей өз бақылауымда болады», деді облыс басшысы.
Айта кетейік, жаңа бағдарлама мемлекет тарапынан берілетін жәрдемақы мен көмектен бөлек жүзеге асады. Яғни, тұрмыс тауқыметін тартқан жандарға жан-жақты қамқорлық көрсету арқылы, кедейлік шеңберінен шығуға мүмкіндік береді.
Небәрі бір аптаның көлемінде Келес, Жетісай, Мақтаарал, Қазығұрт, Сайрам аудандарындағы қолдауға аса мұқтаж 100-ден астам отбасыға нақты көмек көрсетілген. Қайырымды іске өңіріміздегі ерікті жастар мен жергілікті депутаттар және демеушілер атсалыса бастады.
Бүгінгі таңда жобаны жүзеге асыру аясында Өмірзақ Естайұлының пәрменімен аудан, қала әкімдері мен облыстық «Nur Otan» партиясы филиалдары белсенді жұмыс жүргізуде. Сондай-ақ, барлық аудан, қалаларда арнайы комиссия құрылып, оның құрамында ауыл ақсақалдары мен жергілікті белсенділер жұмыс істеуде.
«Қамқорлық» бағдарламасы шеңберінде Қазақстан Республикасы Президентінің 2019 жылдың қараша айында Нұр-Сұлтан қаласының «Жанұя» отбасы институтын қолдау орталығының тәжірибесіне сүйеніп, барлық өңірлерде осындай орталықтарды құру жөнінде тапсырма берген болатын. Биыл шілде айында осы тектес орталықты «Қамқорлық» бағдарламасының шеңберінде Түркістан қаласында ашылады деп жоспарлануда.