Түркістан облысында 1270 шақырым жол салынды

180

Былтырғы жылы Түркістан облысында 1 мың 270 шақырым жол пайдалануға тапсырылған. Нәтижесінде өңірдегі облыстық және аудандық маңызы бар автомобиль жолдарының жақсы және қанағатты жағдайдағы үлесі 74,1 пайызға жетіп отыр.

Ал 2020 жылы бұл көрсеткіш 77,6 пайызға жеткізілмек. Жоспарға сәйкес, 2021 жылы облыстық және аудандық маңызы бар автомобиль жолдарының жақсы және қанағатты жағдайдағы үлесін 81,4 пайызға дейін ұлғайту көзделуде.

Бұдан бөлек, өңір аумағындағы облыстық маңызы бар автомобиль жолдарының бойында 408 көпір орналасса, бүгінгі таңда соның 28-і жөндеуді талап етеді. Оның 9 көпіріне әзірдің өзінде ЖСҚ әзірленсе, 2019 жылы 5 көпір жөндеу жұмыстарымен қамтылып, пайдалануға тапсырылған.

Жалпы алғанда биылғы жылы өтпелі және жаңадан іске асырылатын нысандарды қоса алғанда 223 нысан немесе 869,8 шақырым жол жөндеуден өтеді деп күтілуде. Атқарылатын жұмыстардың басым бөлігі Мақтаарал, Жетісай, Келес, Шардара аудандарындағы автомобиль жолдарына тиесілі болмақ.