Түркістан қаласындағы Отырар мөлтек ауданында Ахмет Байтұрсынов атындағы №1-ші жалпы орта мектеп пайдалануға берілді. Жаңа білім нысанының ашылу салтанатына Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев қатысты.
Жаңа жыл қарсаңында есігін айқара ашқан білім ұясы 900 орынға лайықталған. Жиналған жұртты білім мекемесінің ашылуымен құттықтаған аймақ басшысы, жаңа мектептің ішін аралап көрді. Заман талабына сай салынған ғимаратта пәндік кабинеттер, мәжіліс пен спорт залдары, асхана, медициналық бөлме бар. Барлығы қажетті құрал — жабдықтармен толық қамтылған. Құрылысы 2018 жылы басталған үш қабатты білім ұясы көгілдір отынмен жылытылады. Толығымен орталықтандырылған су және кәріз жүйелерімен қамтамасыз етілген. Заманауи мектептің жалпы аумағы 12 мың шаршы метр.
Жалпы, Түркістан облысында 905 (оның – 6 жекеменшік) жалпы орта мектеп жұмыс істейді, онда 481 мыңнан астам оқушы білім алуда. Өскелең ұрпақты 60 мыңға жуық мұғалім білім нәрімен машықтап, дәріс беруде. Олардың 18 пайызы жас мамандар. Ал, дарынды балаларға арналған 12 мектеп-интернат қызмет атқаруда. Аталған мекемелерде 3000 астам оқушы білім алады.
Арыс, Бәйдібек, Келес, Мақтаарал, Ордабасы, Отырар, Сайрам, Созақ аудандарында дарынды балаларға арналған мектептер қарастырылмаған. Осыған байланысты, бұл аудандардан дарынды балаларға арналған мектептерді 2020 жылы ашып, жалпы көлемі 2000 оқушыны қамту жоспарлануда. Сондай -ақ, облыс орталығынан Абай Құнанбаев атындағы дарынды балаларға арналған гуманитарлық бағыттағы мектепті ашу жоспарланған.