«Тағы да шыдау керек…»

325

«Тағы да шыдау керек…». Еңбекші ауданының әкімі бұл жолы қаламызға жуырда қосылған елді мекенде болды. Жұлдыз, Қарабастау тұрғындарының Ғалымжан Ильясов алдында айтқан негізгі мәселелері жол, жарық және қоғамдық көлік. Талайдан бері талқыланған бұл тақырыптар биыл да түгелдей шешімін таппайтын сыңайлы.

«Ғажайып көшесі 2012 жылдан бері шешілмей келе жатыр. Неге шешілмей келе жатыр? Осыған нақты жауап беріңізші».

Жауаптың нақтысын сұраған бұл тұрғындар Еңбекші ауданының халқы. Әкімнің есеп беруіне келген жұрттың негізгі сұрақтары жөнге келмеген коммуналдық жүйе. Қала қатарына 5 жыл бұрын қосылса да елді мекеннен ауылға тән көрініс кетпеген. Жел тұрса жарықтың сөнуі, жаңбыр жауса жолдың батпаққа айналуы қалыпты құбылыс дейді жиналғандар.

«2019 жылы ақша бөлінеді деді. Ақша бөлінді. 2019 жылы бөлінген ақша неге сол Ғажайып көшесіне жетпей қалды?».

«Ешуақытта шешілмей келе жатыр. 3 жыл сараптама дедіңіздер, 2 жыл қаржы дедіңіздер. Ашығын айтып беріңізші халқыңызға».


Ашына айтқан тұрғындардың сауалына әкім де ашығын айтып жауап берді. Сөзінше, жол, жарық, газ бен қоғамдық көліктің өз жауаптылары бар. Бірақ, бұл жиынға ол басқармалардың тек мамандары келіпті. Тиісінше қойылған сұрақтарға нақты жауап бере алмай кібіртіктеді.

Ғалымжан Ильясов,  Еңбекші ауданының әкімі: «Өкінішке қарай, электр қуаты, ауыз су, газ тарту, жол жүргізу мәселелері бізде қаралмаған. Оның тікелей әкімшісі біз емес. Біздегі салынып жатқан спорт алаңшалары, абаттандыру жұмыстары. Басқа мәселенің барлығында біз сіздермен бірге сұраушымыз».

Халық сияқты аудан әкімдері ғана емес, еліміздің еңбек сіңірген спортшылары да мәселенің шешілуін сұрап жүр. Бүгінде шәкірт баптап жүрген Еркебұлан Шыналиев Жұлдыз елді – мекеніне спорт алаңшасы керектігін айтады.

Еркебұлан Шыналиев, бокстан олимпиада жүлдегері: «Мәселе спорт алаңшасы блып тұр. Осымен бірдей басталған алаңшалар бір-екі айдың көлемінде бітіп қалған. Бізде әлі екі жылдан асып кеткен. Әлі сол күйі. Мектеп болған соң бізге зал болмай қалады. Бокс жаттығуын өткізуге зал болмай қалады. Сол кездерде алаңшаға шығып, жаттығу жасасақ болады. Ол жер дайын емес, топырағы шығып жатыр, ол жерде жаттығу жасау мүмкін емес».

Еске сала кетейік, алаңшалар үшін әр ауданған 1 млрд. теңге бөлінген болатын.

Назерке Үкібасова