«Үлкен ренішіміз бар басшыларға. Бізді алдап келе жатыр. Бізге жылда жарықты үкіметтік болады дейді. Бірақ ол орындалып жатқан жоқ. Қашанғы бізді алдайды?»
Жауаптыларға ашығын айтамыз деп ашынған бұл қауым «Таскен» елді мекенінің тұрғындары. 2016 жылға дейін Сайрам ауданына қарасты болған елдімекен 4 жыл бұрын Шымкетке өткен. Содан бері Қаратау ауданы әкімдігінің «құдайы қонағы» болдық» дейді жиналған жұрт. Мемлекеттің электр тоғын жоқтаған жұрт жарықтың кешкі 5-те сөніп, тек түнгі 12-де қосылатынына наразы.
Гүлжамал Исаева, қала тұрғыны: «Сағат 5-те жарық өшіп қалады. Тоңазытқыш, телевизор қосылмай қалады. Нан піспей қалады».
Күн батқанда жарықсыз қаламыз деп шулаған тұрғындардың мұңы мұнымен бітпейді. Сөздерінше, елді мекендегі жалғыз аялдамаға жету үшін де 3 шақырым жол жүріп өту керек екен. Ауылға келетін санаулы көлікке жетем дегенше де жол қаңғыбас иттерден қорғанудың қамын жасап алады екен.
Алмас Ожанов, қала тұрғыны: «Осы ауылдың Бөрібай деген биі бар. Сол кісіні өткенде иттен әрең құтқарып алып қалдық. Ит аулайтындарды шақырдық келмейді де. Қанша рет айттық. Өзіміз атып, өзіміз көміп тастаймыз. Балалардан обал болды».
Тұрғындар сөзінше жауаптылар жұртпен кездесуге келіп тұрады. Бірақ, әзірге құрғақ уәдемен шектеліп жүр дейді. Бұл жолы Қаратау ауданының басшылығы халықпен кездесуге келген де жоқ.
Гауһар Жайлаубаева, қала тұрғыны: «Халыққа бір нәрсе керек. Халыққа свет, су газ толық болса, халық ешкімге жыламайды. Бізден жуас халық жоқ. Осынша халықты өзім ертіп апармасам, атымды басқа қояйын. Бұл облыс, республика басшыларына сәлемдеме».
Қала басшысының қабылдауға кіре алмай жүрміз деген елдімекен тұрғындары әкімдік алдында шеру өткізуді де ойластырмақ. Құрғақ уәдеден қажыған тұрғындар одан да нәтиже шықпаса Прзидентке арызданамыз деп отыр.
Назерке Үкібасова