Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев жекеменшік оқу орындарына қатысты пікір білдірді. Еліміздің білім және ғылым министрлігі өкілдері санда бар, сапада жоқ білім беру мекемелерінің санын қысқартуды биыл да жалғастырады. Жастардың жекеменшік оқу орындарына таңдау жасауына не себеп? Оқу жылының қақ ортасында студенттер қайда барады?
Жекеменшік оқу орындарына тиісті тексерулер жүргізген ведомство өкілдері түрлі заңбұзушылықтарды әшкереледі. Кей білім беру мекемелері талапкерлерді тіпті шығармашылық емтихандарынсыз қабылдаған. Түлектерден медициналық анықтамасын талап етпегендері де бар. Тексерулер кезінде ҰБТ сертификатының түпнұсқасынсыз оқуға қабылдау фактілері де анықталған. Осыншама олқылықтар бола тұра жастар жекеменшік оқу орындарына неге таңдау жасайды?
Бірі төлемақысының төмендігіне қызықса, енді бірі мемлекеттік оқу орынға түсуіне ҰБТ кезінде жинаған баллы жетпейді Министрліктің ұйғарымын орындамаған оқу орындарының арасында Шымкенттегі Аймақтық әлеуметтік-инновациялық университет те бар. Комитет оқу орнын лицензиядан айыру үшін сотқа жүгінген. Алайда, университетет құрылтайшылары министрліктен биылғы оқу жылын аяқтауға мүмкіндік беруді сұраған.
Сәндібай Боранбаев, ректор: «Студенттер жазғы каникул кезінде өзге оқу орындарына ауыстырылады. Казір каникул кезі, сондықтан көп студентіміз әлі хабарландырылмады. Оқу басталған кезде хабарландыратын боламыз. Сондай-ақ, оқытушылар құрамына да түсіндірілетін болады».
Бұл мәселе жуырда ел президентінің қатысумен өткен Үкімет жиынына дейін жетті. Қасым-Жомарт Тоқаев министрге диплом саудасының көрігін қыздырып отырған жекеменшік оқу орындарының жұмысын тотату үшін нақты тапсырмалар жүктеді.
Тоқаев министрге «Диплом сататын ЖОО санын қысқарту керек» деген болатын.
Министрлік өкілдері лицензияларынан айыру мақсатында тағы бірнеше оқу орындарының құжаттарын әзірлеп отыр. Кейбір білім беру мекемелерінің басшылары мен құрылтайшылары жабылып қалу қауіптілігін сезгендіктен бір-бірімен бірігуге дайын екендіктерін де аңғартқан. Министрліктегілер мүның тиімділіктерін де жоққа шығармайды.
Еліміздегі жоғары оқу орныдарының тек жартысы өз түлектерін жұмыспен қамту бойынша 60 пайыздық көрсеткішке қол жеткізіп отыр. Министрліктің жекеменшік оқу орындарын жабуына негіз болып отырған себептің бірі осы. Егер жекеменшік оқу ордаларының саны қысқаратын болса, кей мамандықтарды даярлаудағы монополия мемлекеттік Жоғарғы оқу орындарының қолына өтпек. Бұл жоғары білімді жұмыссыздар армиясын қысқартып, еңбек нарығына қажетті мамандарды даярлауды реттеп отырудың бір тетігіне айналмақ.
Мақпал Рысбаева