Туған анасы баламмен кездескісі келеді. Қайтемін?

193

Қадірлі оқырман, сіздің өміріңізде хат иесінің тағдырына ұқсас оқиға болды ма? Егер болса, қалай шештіңіз? Келесі кейіпкеріміз тынышын алған мәселесін бая-ндап, хабарласыпты. Ұқсас оқиға сіздің де басыңыздан өткен болса, онда соны қалай сәтті шешкеніңізді айтып, хабарласыңыз.

Сәлеметсіздер ме, «Оңтүстік Рабат» газетінің ұжымы? Өткен сандарыңыздың бірінде қазақтың майкөтен дәстүрі арқылы абысынының бауырына төртінші сәбиін салып берген әйел жайлы мақалаларыңызды оқыдым. Осыдан кейін өз басымнан өткен оқиғаны бөлісуді жөн көрдім.
Менің оқиғам басқаша өрбиді. Кішкентай кезімізден ата-анамыз күйеуім екеумізді атастырып қойған екен. Біздің 5-6 жасымызда болу керек. Есейіп, ес біле келе біздің атастырылып қойғанымыз жайлы ести бастадық. Жігіттің үйі көрші ауылда тұратын. Ата-анамыз өте жақын дос болды. Барлық мерекелерді бірге қарсы алатын. Екі үйге кезектесіп келіп жүретін. Екі отбасы бір-бірінің қуанышына ортақтасып, қайғысын бірге бөлісіп жүрді. Қысқасы ет жақынымыз болып кеткен еді. Осылайша уақыт өтіп жатты. Жігітім екеуміз бір-бірімізді көрсек, ұялып, ыңғайсызданып жүретін едік. Мектеп бітіргенге дейін сөйлесіп, ашық әңгіме құрмадық. Тек ата-анамыз арасында бізді жолықтырып, бір-біріне үйрене берсін дегенмен әңгімеміз оқу тақырыбынан ары аспайтын. Мектеп қабырғасынан түлеп ұшып, студент атандық. Қалаға келдік. Ата-анамыз бір оқу орнына түскенімізді қаласа да біз екеуміз бір қала болғанымен бір университетке түсе алмадық. Әке-шешеміз бір қалада оқығанымызға қуанды. Екеумізді қалаға әкеп орналастырып, бірімізді бірімізге аманаттап, олар ауылға қайтты. Уақыт зымырап өтіп жатты. Жігітім маған көп келе бермейтін. Аптасына бір-ақ рет келетін. Онда да көп болмай, жағдайымды сұрайды да кететін.
Бір күні жанымдағы құрбыларымнан жігітімнің басқа қызбен бірге киноға барып жүргені жайлы әңгіме естідім. Алғашында онша мән бермегеніммен кейін келе әңгіме жиілей бастады. Өзімді рахатсыз сезіндім. Атастырылған адам ретінде ешкімге көз қырымда салмайтын едім. Жігіттерге болашақ жарым бар екенін айтып, бәрін өзімнен алшақ ұстайтынмын. Бар білерім оқуым болды. Басқалармен сәл сөйлессем, өзімді жігітіме опасыздық жасағандай сезінетінмін. Мен оған деген адалдығыма көлеңке түсіргім келмей, өзімді өзгелерден қорғап жүргенде, ол неге мені қорғамайды, қорғамауы былай тұрсын, басқа қыздармен ашықтан ашық жүргені жаныма батты. «Тым болмаса, келіп ашығын айтып кетпей ме?» деген сауал мазалады. Енді оның келгенін күтпей «өзім барып сөйлесемін» деп жүргенде ол менімен сөйлескісі келіп келген екен.
Ішім бір жамандықты сезгендей болды. Сонда да кездесуге шықтым. Ол бәрін ашық айтуға келіпті. Бір қызды ұнатып қалыпты. «Екеуміз ата-анамызға бірге бола алмайтынымызды, жолымыз екі басқа екенін айтайық» деп өтінді. Мен еш қарсы шықпадым. Үнсіз келісімімді бердім де ішке кірдім. Жатақханаға келіп, жастықты құшақтап көп жыладым. Ауылыма бір аптаға сұранып кеттім. Ата-анама болған жағдайды айттым. Әкем қатты ашуланды. Ал жігіттің ата-анасы келіп, балаларына біраз уақыт беруімізді сұрады. Басы айналып жүргенін айтып, шамалы уақыттан кейін маған қайтып келетініне сендірді. Әкем енді ол адамға мені бермейтінін айтып, оларды жолдарына салды.
Менің ішімде оның қайтып келетіні жайлы бір үміт бар еді. Оның келуін күтіп жүрдім.
Араға жыл салып оның қызы жүкті болғанын естідім. Алайда қыз тұрмысқа шыққысы келмеген. Аяғы ауыр екенін білгенде баланы алдырту тым кеш болғанға ұқсайды. Жігіт ештеңеге қарамай, оны әйелі ретінде қабылдайтын болса да ол дайын емесін айтқан. Соңында араларында келісе алмай, қыз баланы туған соң әкесіне тапсырып, өзі кететін болған. Бала туған соң, жігіттің анасы барып, баланы алып кетті.
Көктем еді. 2-курсты аяқтауға аз уақыт қалған. Жігіт мені көрсе болды, төмен қарап үнсіз өтетін. Менің оған сезімім бұрынғыдан көбеймесе, азаймаған.
Кешірім сұрап келуін күттім. Бірақ ол біраз уақыт келмей жүрді. Менің құлағыма оның келгісі келіп, батылы бармай жүргені жайлы әңгімелер жететін. Шынымды айтсам, кешірім сұрап келгенін қаладым. Кішкентайымнан тағдырымды сол адаммен байланыстырып қойғаным соншалық, өмірімді одан басқа біреумен елестету мүмкін емес еді.
Жазда демалып жүрген кезде ортақ досымыздың туған күнінде кездестік. Сол кезден бастап арамызда сезім оты тағы тұтанғандай болды. Біз жасырын кездесе бастадық. Ол қатты өкінетінін айтып ақталды.
Егер мен оның ұсынысын қабыл алсам, енді қайта ешқашан ренжітпейтінін, мені бақытты қылуға қолынан келгеннің бәрін жасайтынын айтты. Көп ойланып жатпадым. Өйткені оны қатты жақсы көретін едім. Маған жасаған әділетсіз әрекеті үшін кешірім сұрап келгеніне қуандым. Бақыттан басым айналды. Оны баласымен бірге қабылдаудан қорықпадым. Шынайы жақсы көру деген осындай болсак керек. Ата-анам алғашында келісім бермегенімен соңында разылығын білдірді.
Біз 3-курстың ортасында үйлендік. Оның баласын өз баламдай қабылдадым. Қатты жақсы көрдім. «Туған – ана емес, баққан – ана» дейді ғой. Баламыз екеуміздің бір-бірімізге деген сезіміміз бізді бір туғандай жақындатты. Күйеуім де уақыт өткен сайын ерекше сыйлап, құрметтей бастады. Шынайы сезіміміз оянып, бақытты отбасына айналдық. Баламыз 5-ке толғанда екінші сәбиіміз дүниеге келді. Күйеуім тұңғышына туған анасындай қарағаным үшін үнемі алғысын айтатын.
Екі баладан кейін денсаулығыма байланысты көтере алмадым. Жаратқанның берген үш сәбиін аман-есен өсіріп келеміз. Қазір тұңғышымыз 12-де.
Ендігі мәселе – тұңғышымыздың анасы баласымен танысқысы келеді. 12 жылдан кейін қандай ұйқыдан оянып келгенін кім білсін?
Естуімізше ол кейін тұрмысқа шыққан екен. Сол некесінен екі баласы болып, кейін ажырасып кеткен екен.
Күйеуім оны мүлдем тыңдамаған соң менімен кездесуді өтінді. Әңгіме өткен өміріміз емес, баланың болашағы басты маңызды мәселе болғандықтан кездесуге келісім бердім. Сыртта бір кафеде кездестік, сөйлестік. Айтуынша, ол біз үйленгеннен кейін бір жыл өткен соң қайта келіпті. Баласын көріп тұруға күйеуімнен рұқсат сұрапты. Бірақ жолдасым мүлдем келісім бермеген. Қайтып көзіне көрінбеуін айтып, шығарып салған. Арадан 2-3 жыл өткен соң баласын көруге тағы да келіпті. Алайда, әкесі тарапынан тағы да рұқсат болмаған. Содан кейін тұрмысқа шыққан. Некесі сәтсіз болып, ажырасуына тура келген. Кезінде өте жас болғанын, ойланбай әрекет еткенін айтып, өксіп жылады. Баласы өзін танып өскенін қалайды.
Ал мен не істерімді білмеймін. Егер бала есін білмейтін кез болса, бәрі оңай болатын ба еді, кім білсін?
Қазір ес тоқтатқан. Өткеннен ешқандай да хабары жоқ. «Ертең шындықты білсе, бетімізге қарамай кете ме» деп қорқамын. Анасына да жаным ашиды. Сонымен не істерімді білмей дал болдым.
Әзірге бұл жағдайды туысқан-дарыма да айтпадым. Жанымды жегідей жеп, ішіме сыймаған жан сырымды басылым оқырман-дарына баяндауды құп көрдім. Психолог кеңесіне жүгінерім анық. Ең бастысы ішіме сыймаған оқиғаны айтып жеңілдеп алғым келді.

Жанерке Хумар

«Оңтүстік Рабат», №3, 15 қаңтар 2020 ж