Балалары 3 жасқа толған отбасының еңбекке жарамды мүшелері міндетті түрде жұмыс істеуі керек. Жаңа форматтағы атаулы әлеуметтік көмекті тағайындаудың басты шартының бірі осы. Нәтижесінде бұған дейін отағасы жұмыс істеп, ал анасы 7 жасқа дейін бала күтімімен отырған көптеген отбасы мемлекеттік көмектен қағылады. Мұны білген көптеген ата-ана: «Енді қайтпекпіз? Еңбек етейік десек жұмыс жоқ. Ал табылғандары мамандығымызға сай келмейді» деп отыр. Шымкент қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының өкілдері жұмыс істегісі келген адамның екі қолына бір күрек тауып беретіндерін айтады. Сонымен мемлекет жұмыссыз азаматтарға қандай жұмыс ұсына алады?
ТИІМДІ — 3 ШЕШІМ
Басқармадағылардың айтуынша, АӘК үміттілер және жалпы жұмыс таба алмай жүрген кез-келген азамат жұмыспен қамту орталығына «жұмыссыз» ретінде тіркеле отырып, белсенді жұмыспен қамту шараларына қатысады. «Еңбек» нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасы аясында оларға:
–Әлеуметтік жұмыстарға;
– Қоғамдық жұмыстарға;
– Жастар практикасы бойынша жұмыс істеуге мүмкіндік бар.
Шымкент қалалық жұмыспен қамту орталығының жұмыс іздеушілерді қолдау бөлімінің маманы Жомарт Тәженовтың айтуынша, қалада жалақы төлеуге қауқары жетпейтін, бірақ, маман тапшы шағын және орта кәсіп орындары көп. Жұмыс күші тапшы осындай жеке кәсіпорындардың басшылары Халықты жұмыспен қамту орталығымен өзара келісімшарт жасасып, екі қолға бір күрек таба алмай жүрген азаматтарды әлеуметтік жұмыспен қамтиды.
Сандарды сөйлетсек, 2018 жылы 1000 азамат әлеуметтік жұмыс орындарына тартылса, 2019 жылы 37 мекеме ұсынған әлеуметтік жұмыс орнымен 333 азамат қамтылыпты. Жұмыспен қамтудың бұл түрі тұрақты жұмысқа жатпайды. Жұмыс беруші мен жұмысшы арасындағы келісімшарт тек 1 жылға жасалады. Осы аралықта жұмысшыға төленетін жалақаның 35%-і мемлекеттен, қалған пайызы кәсіпорын қожайынының қалтасынан төленеді. Оның мөлшері ең төменгі жалақыдан — 42500 теңгеден кем болмауы тиіс.
Ал Шымкент қалалық халықты жұмыспен қамту орталығының маманы Жанболат Ақжолов жұмыс таба алмай жүрген шымкенттік-терді қоғамдық жұмыстарға қатысуға шақырады. Оның сөзінше, жұмыспен қамтудың бұл түрі де тұрақты жұмысқа жатпайды. Бұл — мемлекеттік мекемелердің ұсынысы бойынша құрылған штаттан тыс, уақытша жұмыс орындары. Жұмысқа тартылатындар тек көмекшінің қызметін атқарады.
Сондықтан да мұнда мамандыққа мән бермейді. Ай сайын алатын 51 мың теңгелік жалақысын ескерсек, бұл қолында дипломы жоқ немесе белгілі бір кәсіптік даярлықты меңгермеген жандарға тиімді ұсыныс.
Әлеуметтік аударымдарды шегеріп тастағанда «еріктінің» қолына — 45 860 теңге тиеді. Осылайша «жұмыссыздар» уақытша болса да екі қолға бір күрек тауып, жағдайын жақсартуға мүмкіндік алады, ал мемлекеттік қызметкерлердің қолы ұзарады.
Жастар практикасы. Бұл дипломы бар, бірақ тәжірибесі жоқ болғандықтан да жұмыс таба алмай жүргендерге арналған бағдарлама.
Аты айтқандай-ақ, бұл бағдарламаға көбіне жастар, дәлірегі 2018, 2019, 2020 жылдары жоғары немесе орта арнаулы оқу орнын бітірген жас мамандар қатыса алады. Бағдарлама 6 айға созылады. Осы аралықта уақытша болса да, жұмысқа орналасқандарға — 63125 теңге көлемінде жалақы қарастырылған. Бұл қаржы — мемлекеттің қазынасынан төленеді.
ҚАЙТА ОҚУҒА БОЛАДЫ!
Жасыратыны жоқ, жұмыссыздардың дені — көпбалалы аналар. Олар қоғамдық не әлеуметтік жұмыстарға бармай, қолында дипломы болса, мамандығы бойынша еңбек еткісі келеді. Бірақ, бала тәрбиесінен қол үзе алмайды. Мұндайда оларға — кәсіптік оқу мүмкіндігі ұсынылады.
Мемлекет ұсынып отырған белгілі бір кәсіпті меңгеріп, үйде отырып-ақ табыс табуға болады.
Шымкент қалалық жұмыспен қамту орталығының кәсіптік оқыту бөлімінің басшысы Асылбек Наурызбаевтың айтуынша, азаматтардың қабілеті мен қызығушы-лығына, мүмкіндігіне қарай кәсіптік оқуға жіберу мүмкіндігі бар. Бүгінде «қайта даярлықтан өтемін» дейтін шымкенттік-терге 40 мамандық түрі ұсынылады.
Оқу мерзімі – 3 ай. 1 ай теория болса, қалған 2 ай практика. Аптасына 6 күн, күніне 6 сағаттан. Осы аралықта бағдарламаға қатысушылар ай сайын — 16700 теңге көлемінде степендия алады. Оқу аяқталған соң мемлекеттік үлгідегі куәлік алады. Сол кәулік жаңа бизнес-идея-ларды іске асыруға бағытталған мемлекеттік гранттың конкурсына қатысуға мүмкіндік береді.
Асылбек Наурызбаев айтуынша, бұл бағдарламаның ең тиімді тұсы да осында. Кәсіптік білімнен бөлек, бағдарламаның екінші бағыты бойын-ша өз ісіңді бастауға мемлекеттен қайтарымсыз 200 АЕК көлемінде, яғни 505 мың теңге грант алуға болады.
Сонымен егер сіз:
–жұмыссыз,
–нәтижесіз жұмыспен қамтылған;
–көп балалы отбасы;
–29 жасқа дейінгі жас;
– мүмкіндігі шектеулі жан болсаңыз,
онда қысқа мерзімді кәсіптік оқуға қатысыңыз.
Мемлекет ұсынып отырған жұмыссыздықпен күрес жолдары екі қолға бір күрек таба алмай жүргендерге үлкен мүмкіндік. Әсіресе, көпбалалы, аз қамтамасыз етілген отбасылар осылай тұрмыстарын түзей алады. Отбасының айлық кірісі жан басына шаққанда кедейлік шегінен аспаса онда – АӘК алуға құжат тапсырыңыз.
Айжан Ермекқызы
«Оңтүстік Рабат», №3, 15 қаңтар 2020 ж