Qasym.kz

«Қазақстандықтар күні-түні жұмыс істесе де еңбегіне қарай лайықты өмір сүре алмайды». Ең төменгі еңбекақыны көтеру мәселесі қашан түбегейлі шешіледі? Жерлестерінің жалақысына алаңдаған депутаттар Үкімет мүшелеріне сауал жолдады.

Айтуларынша, еліміздегі ең төменгі жалақы мөлшері бүгінде посткеңестік кеңістіктегі төменгі деңгейде қалып қойған. Депутататтар жалақы жайы жүйленбесе, азаматтардың жеткілікті зейнетақы қорларын жинақтай алмайтынына да алаңдап отыр.

Ирина Смирнова, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты: «Бізден кейін тек Қырғызстан тұр. Ең төменгі жалақыны көтеру мәселесі қашан және қалай түбегейлі шешіледі? Тіпті, ұсынылған схема бойынша таңертеңнен кешке дейін, түнде, мереке күндері жұмыс істеу лайықты өмір сүруге мүмкіндік бермейді. Сонымен қатар, көптеген азаматтардың жеткілікті зейнетақы қорларын жинақтауы мүмкін екендігі күмән тудырады»

Ал Еңбек және әлеуметтік қорғау министрі төмен кіріс жинақтаушы зейнетақы жүйесінде де, АӘК- тағайындауда да қиындық туғызып отырғанын жасырмады. Айтуынша, жалақы жүйесін қайта қарау бойынша Үкімет бұйрық берген. Ұлттық экономика министрлігі мен Еңбек министрлігі бюджет шығыстарын ескере отырып, ең төменгі жалақыны кезең-кезеңмен көтерудің жолдарын қарастырып жатыр деп сендірді министр.

Біржан Нұрымбектов, Еңбек және әлеуметтік қорғау министрі: «Ең төменгі жалақыны өсіру шығынды қажет етеді. Бюджеттік мекемелерде өседі. Жеке табысқа салынатын салық та өседі. Есебі шығады. Егер миллиондаған адам жалақысын көбейтетін болса, ол ешқайда кетпейді».

Мақпал Рысбаева