Әйел адамға жасалған жыныстық зорлық-зомбылықтың салдары жылдарға жалғасады, өмірін өзгертеді, үрей басады. Осы орайда «Оңтүстік Рабат» газетінің №1-2 санындағы (8 қаңтар, 2020 жыл) «Тағдыр» айдарында «Еркек атаулыны жек көріп кеттім» деген хикая жарияланды. Сол хикаяда 15 жастағы қызды белгісіз ер адам жолынан ұстап, салынып жатқан үйдің ғимаратында зорлағанын жазған едік. Ол қоғамдағы «ұят болады, масқара қылады» деген қатаң түсініктің салдарынан өзін зорлағаны туралы арыз да түсірмей, үнсіз қалған. Бәрін ішіне жасырған. Зорлықшының жазаланбауы да, дер кезінде психологиялық көмек алмауы да оның кейінгі өміріне әсер етті. Ұзақ уақыт үрей құшағында өмір сүрді. Еркек атаулыдан қорқып, ұзақ уақыт тұрмысқа шықпады. Оның өз оқиғасын бізге баяндауы да сол іштегі мұңын сыртқа шығарып, үнсіз қалудың қалай азап екенін көпке баяндау болса керек. Осы орайда «Психолог бұрышы» айдарында «REFRAME» Тұлғалық дамыту орталығының психологы Қаракөз Қадырбекқызы Момбаеваның пікірін жариялап отырмыз.
Редакцияға хабарласқан кейіпкеріміздің басынан өткен «жағдайын» оқырмандарға жеткізіп, тағдырластарына, олардың отбасы мүшелеріне психологиялық кеңес сұрағанына рақметімді айтамын.
Себебі бұл тақырып біздің қазақ отбасында көбіне «жабулы қазан жабулы күйінде қалады». Ал, қазанның қақпағы сәл ашылып, сыбыс шықса, негативпен қабылданады, қолдап-қорғаудың орнына жәбірленушіге басқаша көзқараспен қарайды… кемсітеді, ауыр сөздермен көңіл-күйін түсіреді, оқшаулайды.
Мұндай жағымсыз қарым-қатынастың соңы ауыр қасіретке де әкеліп жатады.
Кейіпкеріміздің отбасы, материалдық тұрғыдан қаншалықты қиындық көргенімен, көпбалалы отбасыларға тән қамқоршылық сезімге, татулық сезімге, бірлесіп еңбек етіп, қиындықта бір-біріне қол ұшын беретін, бірі үшін бірі жауапкер, бауырмал сезімдерге бай екенін көріп таң қаласың.
Бұл ата-ананың сабағы.
Бала өмірдің алғашқы сабақтарын отбасында алады. Оның ең алғаш ұстаздары – əкесі мен анасы.
Мейірім мен сезімталдықты, адамдарға деген қайырымдылық сезімдерін қалыптастыратын ата-анасы. Олар баланың бойында адалдық пен зұлымдық, адамгершілік өлшемдері, еңбекке бейімділіктің бастапқы сабақтары туралы ұғымдарды да қалыптастырады. Ана аурудан солса да, әке қара жұмыстан қолы талса да балаларының сабағы мен тәрбиесіне үлкен мән беріпті. Көпбалалы отбасында балалар бір-біріне серік болып өседі. Бірінің білмегенін бірі айтып, қол ұшын беріп, қолынан келгенін аямайды. Кішілері үлкендерінен үлгі алып, соған ұқсауға тырысады. Үлкендері кішіге өнеге көрсетіп оларды жетелейді, бауырлары үшін жауапты сезінеді.
… Жоғары оқу орнын енді бітіретін әпкенің сіңлісі үшін жаны сыздап, отбасының шама-шарқын саралап, осындай ауыр жағдайда шешім қабылдап: «Айтқанымды орында. Мен саған қолдау көрсетемін» деп жігер беруі, Астанаға алып кетіп, психолог мамандарға алып барып, жүрегіндегі үлкен жарақаттан арылтқаны – батылдық, бауырмалдық қасиеттерінің шыңы емес пе?!
Психологияда «ортаншы балалар» деген ұғым бар. Отбасындағы алғашқы және кенже баланың психологиялық даму жағдайы түсінікті болса керек, олардың жағдайы жақсы, оларға үлкендер көп уақытын бөледі, қамқорлық пен еркеліктің де дәмін солар толыққанды сезінеді.
Ал отбасындағы ортаншы балалардың даму жағдайына шолу жасасақ, олардың жағдайы мүлдем басқаша. Кейіпкеріміз ортаншы бала болғандықтан да, олар көбіне бақылаусыз, қадағалаусыз қалып жатады, еңбекке де ерте араласады, «үлкендер» оқуда, «кенжелердің» жасы кіші… Ата-аналар жұмыстан және т.б. себептерден қол тимей, балалар үлкендердің қадағалауынсыз жалғыз жүрген жағдайда қатыгез, миы құрттап, жасөспірімдерді сырттай бағып жүрген педофилдерге жолығып қалады.
Баспасөз беттерінде, елімізде мыңнан аса педофил мен үш мыңға жуық зорлықшыл қылмыскер ресми тіркеулі тұрғаны туралы мәліметті көрдім:(Қолға түспей, жасөспірімдерді сырттай бағып жүргендері қаншама?! Қараңғы қуыс-қуыс емес, тал түсте мектеп ауласында, әжетхананы торуылдап, педофилдің сағаттап жемтік іздеп жүргенін де, бүкіл ел болып теледидардан көрдік).
Бұл кез келген уақытта, кез келген жерде қылмыс жасалып, жас өмірдің қыршынынан қиылу қаупі өте жоғары деген сөз.
Егер мұндай азғын өзінің дертті нәпсісін қоздыратын қараусыз жүрген қауқарсыз жас балаларға кезіксе, өзіне есеп бере алмай қалады.
Педофилдер дегеніміз – психологиялық ауытқуы бар, психикалық ауру «адамдар». Ғалымдардың зерттеулері бойынша педофилдердің ағзасында, басқа адамдарға қарағанда тестостеронды шамадан тыс тез өндіретін гендер көбірек екен. Сонымен қатар, педофилдердің санасы мүлдем бөлек қалыптасқан, кей жағдайларды өзгеше қабылдайды, эмоциясы тұрақсыз, эмоцияға тәуелді. Осындай жыныстық зорлаушылардың пайда болуына генетикалық, эндокриндік, неврогендік және психофизиологиялық әртүрлі факторлар әсер етеді. Тіпті, отбасындағы тәрбиедегі ақау, дау-жанжал, тұлғаның невротикалық және психопатиялық, аутоидентификацияда жыныстық психикалық бұзылыстары, психосексуалдық зақым, дөрекі жыныстық қатынас та әсер етеді. Өкінішті жаңалықтың бірі, осы ауруды зерттеп жүрген ғалымдар болашақта бұл дерт тұқым қуалауы мүмкін деп те айтып отыр…
Балаларға қатысты жыныстық зорлық-зомбылықтың азаймауы мемлекетімізді қатты алаңдатып отыр. 2019 жыл 31 желтоқсанда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ҚР кейбір заңнамалық актілеріне, қылмыстық, қылмыстық-процестік заңнамаларды жетілдіру және жеке адам құқықтарын күшейту бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу бойынша Заңға қол қойды. Осы Заңмен ҚР Қылмыстық кодексінің 10-тарауындағы 69-бапқа және қылмыстық-процестік кодексінің 72-бабына түзетулер енгізілді.
Қылмыстық және қылмыстық-процестік заңнамаларды қолдану практикасына бес жыл бойы жүргізілген мониторинг нәтижесінде әзірленген Заңға сүйенсек, енді жыныстық зорлық-зомбылыққа қатысты қылмыстық істер тек сотқа жіберіледі. Жаңа Заң бойынша, жәбірленуші мен қылмыскердің татуласу мүмкіндігі жоқ.
Сонымен қатар, жыныстық зорлық-зомбылықтың белгілі бір әдістері үшін жауапкершілік күшейтілген. «Мысалы, қызметтік міндетін атқару кезінде жасаған зорлау 9 жылдан 12 жылға дейін бас бостандығынан айыруға әкеп соғады (бұрын 5 жылдан 10 жылға дейін болатын). Сондай-ақ зорлық әрекеті жас балаға жасалған жағдайда, қылмыскерді белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан өмір бойына айыру көзделген. Және де 17 жылдан 20 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға не өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалған».
Хат жазған кейіпкеріміз өте дұрыс айтады, жыныстық зорлық-зомбылыққа кездескен қыздар өте көп. Көп жағдайда зорлықшылар «тепсе темір үзетін» өз ер адамдарымыз болып жатады. Қарындасты қорғаудың орнына қорлайды! Жәбірленушінің жанында қолдаушы жандар болса, жан жарасының жазылуына септігі тиер, ал жанында қамқор болатын бауырлары, құрбылары жоқтардың жағдайы не болады?! Сондықтан жан-жағымызға мұқият болайық. Мүмкін айналамызда жүрегі жаралы жандар жүрген болар, байқампаз болайық, жылы сөзімізді аямайық, көз жасын сүртіп, қолдау көрсетейік.
Біздің орталық психологтары жыныстық зорлық-зомбылықты басынан кешірген адамдарға әлеуметтік-психологиялық қолдау және психикалық саулығын орнына келтіру бойынша қызмет көрсетеді. Осындай зорлық-зомбылыққа кездескен жандар болса, маманға барған дұрыс.
Жанерке Хумар
«Оңтүстік Рабат»№4, 22 қаңтар