Өзіндік қауіпсіздік басқармасының экс-қызметкері

Өз әріптесінен 500 мың теңге бопсалаған полиция капитаны сотталды.

Шымкент қалалық полиция департаменті өзіндік қауіпсіздік басқармасының аға жедел уәкілі қызметін атқарған азамат енді мемлекетке 8 миллион теңге төлейтін болды. Сот Фархат Шәріпбайұлын капитан шенінен ғана емес, Ұлттық компаниялар мен мемлекеттік мекемелерде лауазымды қызмет атқару құқығынан өмір бойына айырды.

Сәбит Төреханов

Сәбит Төреханов, әл-Фараби аудандық сотының судьясы: «Фархат Шәріпбайұлы ҚР ҚК-нің 190-бабы 3-бөлігі, 2-тармағымен кінәлі деп танылып, оған осы баппен ең жоғары жаза тағайындаған. Айыппұл көлемі — 8 млн теңге. Сонымен қатар, сот оған 1 ай уақыт мерзім берді, бұл уақыт аралығында айыппұлды төлемесе, ол жаза бас бостандығымен айыруға ауыстырылады. Айта кететін жәйт, сот үкім шығарарда оның жазасын ауырлататын жағдайларды:полиция қызметкері бола тұра, алаяқтық жасағанын; жазасын жеңілдететін жәйт — 3 баласы мен жұмыссыз әйелі бар екенін ескерді».

Еске салайық, 2019 жылдың қыркүйегінде өзіндік қауіпсіздік басқармасының 30 жастағы қызметкері Фархат Шәріпбайұлы патрульдік полиция инспекторы есірткі затын тұтынды деп, сараптама тағайындаған. Тексеру қорытындысы инспектордың таза екенін көрсеткенімен, жедел уәкіл әріптесінен 500 мың теңге пара талап еткен. Ол бұл ақшаға инспекторды жұмыстан шығару түріндегі тәртіптік жауапкершіліктен босатып, алдағы уақытта оған қамқорлық көрсетпекші болған екен.

Өзіндік қауіпсіздік қызметінің экс-офицері соның 400 мың теңгесін алып тұрғанда ұсталған еді.

Мөлдір Бекеева