40 күн ішінде мас халде 40 жүргізуші көлік басқарған

174

Түркістан облысының полицейлері 40 күн ішінде мас халде көлік басқарған 40 жүргізушіні ұстады. Бұл жөнінде полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлап отыр.

Айтуларынша, қаңтар айында – 31 адам, ал ақпанда — 9 адам мас халде көлік басқарған. Ұсталған адамдардың барлығына Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 608-бабы — «Жүргізушінің көлік құралын алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйде басқаруы, сол сияқты көлік құралын алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйдегі адамның басқаруына беру» бойынша хаттамалар толтырылған.

«Сондай-ақ жиі жол апатын тудыратын жайттар: жылдамдықты асыру, маневр жасау ережесін бұзу, көше қиылыстарын дұрыс өтпеу, қарсы бағытқа шығу. Жаяу жүргіншілер мен жолаушылардың да жолда жүру ережесін бұзуы — жол-көлік оқиғасына әкеп соғады. Сондықтан жолда жүргенде жол ережесін сақтау көлік жүргізушісіне де, жолаушыға да, жаяу жүргіншіге де қатысты. Ең бастысы ішімдік ішіп көлік тізгіндемеңіз. Бұл өз өміріңізбен қатар, өзгеніңде өміріне қауіпті болмақ», — дейді жол сақшылары.

Мөлдір Бекеева