Керімбековтер жанұясы жалғыз асыраушысынан айырылды

Отырар ауданында мас күйінде көлік басқарып келе жатып адам қағып, мерт қылған жүргізуші бостандықта жүр. Полицейлер күдіктіні ұстағанымен, сот оны қамауға санкция бермей қойған. Көлігімен адам қағып өлтірген азамат әзірге үйқамақта. Ал, асыраушысынан айырылған марқұмның жесірі мен жетім қалған 4 бала әділдік іздеп шырылдайды.

Айдың-күннің аманында жетім қалған төрт баланың үлкені – 21-де болса, кенжесі 6 жасқа енді толған. Көз жастары көл болған перзенттердің әкесін жоқтап отырғанына бүгін 4-ші күн. Қара жамылған жанұяның айтуынша, 52 жастағы отағасы Ағабек Керімбеков базарға мал апармақ болып, көлік іздеп кешкісін көршіге кетіпті. Содан үйіне қайтып оралмаған.

Жанар Мұзаппарова, марқұмның жұбайы: «Не істерімді білмей қалдым ғой. Күйеуім «Сымбат» балабақшасында күзетші болып жұмыс жасайтын, 67 мың теңге жалақы алатын. Үйді бағып-қағып, асырайтын да өзі еді ғой. Үлкен қызымыз – студент. Шиеттей бала-шаға, өзім болсам – жұмыссызбын! Ендігі тағдырымыз, өміріміз не болады?!»

Марқұмның зайыбының айтуынша, Ағабектің ажалын арқалаған адам – оның ауылдасы екен. Мас халде көлік басқарған ол алдымен алдынан шыққан екі әйелді қағады, соңынан көлікпен артқа жүріп, өз жолымен келе жатқан Ағабек Керімбековты қағып, көпбалалы отбасын жалғыз асыраушысынан айырған.

https://www.youtube.com/watch?v=AZ1eLnN9XWI&feature=youtu.be

Мадина Тағайбек, марқұмның қызы: «Әкем – ақкөңіл, өте жақсы адам еді, енді әкемізсіз қайтеміз?! Соңымнан ерген 3 бауырымды аяймын. Менің оқуыма, жолақыма бәріне әкем ақша тауып, жолымды тосып отыратын. Әкешімнің орны бөлек қой бәрібір, жандүнием алай-дүлей».

Қайғыдан қан жұтқан жанұя қазір жанына жұбаныш та таба алмай отыр. Себебі, отағасын қағып өлтірген азаматтың өзі емес, көлігі ғана қамалған. Ал өзі бостандықта жүр екен.

«Адамның жаны – құмырсқаның жанындай болмай қалған ба? Қатты мас болып, көлік басқарып, інімді өлтіріп отыр! Сөйтіп қылмыс жасаған адамды бостандыққа шығарыпты! Әділдік қайда?», – дейді марқұмның әпкесі Байыркүл Керімбекова.

Ал оны бостандыққа жіберу туралы шешім қабылдаған Отырар аудандық соты көлік жүргізушісі жауапкершіліктен құтылмайтынын айтады. Ал қазіргі уақытта оның үйқамақта отыруын бізге заңның талаптарына сай деп түсіндірді.

Әкімбек Жанасов, Отырар аудандық сотының төрағасы:»Бізге Отырар аудандық прокуратурасы және тергеу бөлімімен күдіктіге ең қатал жазаны қолдану туралы ұсыныс келіп түсті. Күдіктіге орта дәрежедегі абайсызда қылмыс жасады деп айып тағылған. Оның бізге тергеуден жасырынғаны, бұрын сотты болғаны, теріс қылығы туралы ешқандай мәлімет ұсынылмады. Яғни, оны теріс жағынан сипаттайтын ешқандай дәлел жоқ. Сот осыған сүйеніп, күзетпен ұстау туралы бұлтарпау шарасына санкция беруден бас тартып, үй қамақ түріндегі бұлтарпау шарасын қолдануды ұйғарды».

Судьяны сөзіне сенсек, күдікті кінәсін толық мойындағанына байланысты оның жазасы тең жартысына қысқарады. Яғни ары кетсе 3,5 жылға қамалауы мүмкін. Тіпті шартты түрде сотталуы да мүмкін. Онсыз да бауыр еті-баласынан айырылып, күйіктен өзегі өрт болған марқұмның әкесі соттың бұл әрекетіне ызалы.

«Не болды сонда? Бұл Үкіметтің заңы қайда? Президенттің, Министрдің теледидардан айтқан уәждері қайда қалды? Масаң күйде көлік басқарған адамға жаза қатаңдағаны осы ма сонда?», – деп күйінді марқұмның әкесі Тағабай Керімбеков.

Ел аумағында жыл басынан бері мас халде көлік басқарып, соңы адам өлімімен аяқталған жағдайда жазаның қатаңдатылатыны көп айтылды. Тіпті бұл мақсатта арнайы заң қабылданғаны да есімізде. Бірақ, іс жүзінде, сот тәжірибесінде жүзеге асып жатқан хақ көрінісі әзірге осы. Айта кетейік, осыдан бірнеше күн бұрын дәл осы Отырар аудандық соты отбасын тонады деп айыпталған төрт күдіктіні босатып жіберген еді.

Мөлдір Бекеева