Бүгін Шымкент қаласының әкімі М. Әйтеновтың төрағалығымен өңірдегі сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша кеңес өтті.
Іс-шараға Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігінің қалалық департаментінің басшысы А. Жұмағали, «Nur Otan» партиясы филиалы төрағасының бірінші орынбасары Б. Нарымбетов, әкім орынбасарлары, аудан әкімдері, аумақтық департаменттер мен басқармалардың басшылары, қоғам өкілдері қатысты.
Жиында негізгі баяндаманы Департамент басшысы А.Жұмағали жасады.
Ол уәкілетті органмен жүзеге асырылатын алдын алу және қылмыстық-құқықтық шараларға тоқталды.
А.Жұмағалидың айтуынша, орган қызметінде сыбайлас жемқорлықтың алдын алу басымдыққа ие, сонымен қатар, Заңның үстемдігі және сыбайлас жемқорлық үшін жазалаудың бұлтартпастығы маңызды қағидат болып қала береді.
«Өткен жылы Департаментпен 60 қылмыс тіркеліп, 58 тұлға қылмыстық жауапкершілікке тартылған. 39 адам түрлі жаза түріне сотталды.
Жоғарыда көрсетілген тұлғалардың 10-ы мемлекеттік органдарда әр түрлі басшылық лауазымдарды атқарған, олардың 1-і республикалық, 6 облыстық және 3 аудандық деңгейдегі басшылар
Тіркелген қылмыстардың негізгі үлесі парақорлық (26) және жымқыру (13) фактілеріне тиесілі.
Жалпы, құжаттарды рәсімдегенде, оң қорытынды бергенде, қамқорлығы, жұмысқа орналастырғаны, қылмыстық істерді тоқтатқаны және әкімшілік хаттама толтырмағаны үшін заңсыз сыйақы алады» — деді Департамент басшысы.
Ол сондай-ақ, жер қатынастары, білім беру, кәсіпкерлік, әкімдіктердің салалық басқармаларының ұйымдастыру-басқару қызметінде елеулі сыбайлас жемқорлық тәуекелдері анықталғанын атап өтті.
Мониторинг нәтижесінде көптеген сыбайлас жемқорлық тәуекелдері анықталған орта және мектепке дейінгі білім беру жүйесіне ерекше назар аударылды.
Білім беру мекемелерінің басшылары мен педагогтарды аттестаттау және тағайындау үшін заңсыз сыйақы алу орын алуда.
Білім басқармасы, орта мектеп директорлары тарапынан тиісті бақылаудың болмауынан, шын мәнінде, сыбайлас жемқорлықты туындатқан кейбір қалалық оқу ұйымдарында оқушылар саны тиісті нормалардан біржарым, тіпті екі есе асып түседі.
Бұл, әрине, жан басына қаржыландыруға байланысты қазіргі тәсілдер кезінде сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін тудырады.
Мониторинг жекелеген мектеп директорларының 10 жылдан 30 жылға дейін өз қызметтерін атқаратынын көрсетті.
Әрине, бұл мекемелердің қабырғаларында сыбайлас жемқорлық тәуекелдері бар, өйткені жалпы білім беру мекемелерінің басшыларында қаржылық-шаруашылық және өкімдік функциялар шоғырланған.
Сыбайлас жемқорлық әрекеттері үшін қылмыстық жауапкершілікке тартылған адамдар балаларды оқытқан фактілер де анықталды.
Негізгі сыбайлас жемқорлық тәуекелі мектепке жұмысқа орналасу болып табылады.Тіпті жалақысы төмен жұмысқа тұрғызу үшін пара алған жағдайлар да кездесуде.
Біз білім беру мекемелерінде адамдарды жұмысқа орналастыру тетігін түбегейлі өзгерту қажет деп ойлаймыз. Ең бастысы-басшылардың араласуын азайту.
Ол білім беру ұйымдарының басшыларын тағайындау ережелерін, сондай-ақ оларды тағайындау кезіндегі тестілеу рәсімдерін толығымен қайта қарауды, мектеп директорларының оқушылардың ата-аналары алдындағы есептілігін жарты жылдық негізде енгізе отырып, жалпы білім беру мекемелерінің басшыларын ротациялау институтын енгізуді (әкімдердің халық алдындағы есептеріне ұқсас), еңбек нәтижелерін бағалау жүйесіне және кәсіби даярлық деңгейіне негізделетін резервтің арнайы институтын құруды, бюджет қаражатының немесе ата-аналар жарналарының болуына қарамастан, білім беру мекемелеріне түсетін қаражаттың ашықтығы мен айқындылығын қамтамасыз етуді ұсынды.
Тұтастай алғанда, осы салада ұйымдастырушылық-басқару сипатындағы жүйелі шараларды қабылдай отырып, жіті аудит жүргізу ұсынылды.
Сонымен қатар, іс-шара барысында «Nur Otan» партиясы қалық филиалы жанындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі қоғамдық кеңестің мүшесі Е. Дәрменов, сондай-ақ әкім аппаратының құқыққорғау жүйесі бөлімінің басшысы Н.Жамашов сөз сөйледі.
Жиын соңында қала әкімі М. Әйтенов Елбасы мен Мемлекет басшысы сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресте нақты басымдықтар қойғанын атап өтті.
«Біздің ортақ мақсатымыз-қоғам мен мемлекет игілігі үшін сыбайлас жемқорлықты жою үшін бірлескен күш-жігерімізді біріктіру. Тек шешуші шаралармен ғана біз жағдайды түбегейлі өзгертіп, азаматтарымыздың сенімін арттыра аламыз» — деді қала әкімі.