15 ақпанда Кеңес әскерлерінің Ауған жерінен шығарылғанына 31 жыл толды. Атаулы күнде «ПетроҚазақстан Ойл Продакс» ЖШС – Шымкент мұнай зауытының басшылығы зауытта жұмыс істейтін ауған соғысына қатысқан ардагерлерге құрмет көрсетті. Оларды алғыс хаттармен марапаттады. Сый-сияпат жасады.
«ПетроҚазақстан Ойл Продакс» ЖШС әкімшілігі қандай жағдайда да қызметкерлерін назардан тыс қалдырмайды. Биыл да зауыт басшылығы жылдағы әдетінен танбай Ауған соғысына қатысқан әріптестері мен ауған соғысы ардагерлерінің жесірлеріне қошемет көрсетті.
«ПетроҚазақстан Ойл Продакс» ЖШС-нің мемлекеттік қызмет және қоғаммен байланыс қызметінің басшысы Әбдіқадыр Сұлтанның айтуынша, ұжымдық шартқа сәйкес, Шымкент мұнай зауытында жұмыс істейтін ардагер-жауынгерлерге жалақысы сақталған 3 күндік демалыс беріледі.
– Бұдан бөлек 35 АЕК мөлшеріндегі сыйақы қарастырылған. Сондай-ақ, ардагер-жауынгерлер зауыт есебінен шипажайларда тегін тынығады,-деді Әбдіқадыр Сұлтан.
Зауыттағы Ауған соғысы ардагерлер кеңесінің төрағасы, ауған соғысының қатысушысы, «Қызыл жұлдыз» орденінің иесі Бақтыбек Қалдыкөзовтың айтуынша, 10 жылға созылған жариясыз соғысқа қатысқан азаматтардың 30-ы Шымкент мұнай зауытында жұмыс істеген. Бүгінде олардың қатары сейіліп 13-і қалған.
Айта кетейік, 1978 жылы Ауғанстанда сәуір айында төңкеріс болып, соңы соғысқа айналды. Бұл қасірет елдің тек өз ішінде ғана емес, сырт мемлекеттердің қатысуымен де ұзаққа созылды. 1979 жылы кеңес әскерлерінің шектеулі контингенті Ауғанстанға кіріп, 10 жылға жуық соғыс жүргізді. Оған 22 мың қазақстандық қатысты. Солардың 700-ге жуығы шымкенттік жауынгер еді. Олардың 19-ы ауған жерінде қаза тапса, 1-і із-түзсіз жоғалды. Бүгінгі таңда Шымкентте 600-ге жуық ауған соғысы ардагері тұрады.
«Оңтүстік Рабат», №8, 19 ақпан 2020 ж