Сайрам ауданындағы «Жұқпалы аурулар ауруханасының» жағдайы сын көтермейді. Аудан әкімі Ұласбек Сәдібековтің есептік жиынына келген ауыл биі Шарипа Маралбаева осынау мәселені көтерді. Айтуынша, аурухана ғимараты тым ескіріп кеткен.

Күн санап халық саны артып келе жатқан ауданға бұл аурухана аздық етеді екен. Өткен ғасырдың 60 жылдары пайдалануға берілген медициналық нысанның бүгінгі жайы расында сын садағына ілгерліктей.

Шарипа Маралбаева жұқпалы аурулар ауруханасының жайын айту үшін есептік жиынға арнайы келген ауыл биі ондағы ақуалды жайып салды. Айтуына қарағанда ғимаратта санитарлық жағдай сақталмаған. Түрлі вирустар арқылы таралатын дерттерге шалдыққан науқастар бір жерде емделеді екен. Ауыл биінің айтып отырғаны осы ғимарат.

Сайрам аудандық орталық ауруханасына қарасты 1962 жылы салынған нысан 36 орынға шақталған. Аудандағы ең ескі медициналық мекемеде жедел респираторлы вирусты инфекция, бруцеллез, қызылша сияқты жұқпалы дерттерге шалдыққандар емделеді.

Ғимараттың тарлығын мұндағы мамандар да жоққа шығармайды. Алайда, Сайрам аудандық орталық ауруханасының жұқпалы аурулар бөлімінің меңгерушісі Фатима Қыстаубаева былтырғы жылғы күрделі жөндеуден кейін нысанның санитарлық жағдайы қазір жақсарған дейді.

Есік-терезелер жаңаланып, барлық жағдай талаптарға сәйкестендіріліпті. Мұндағы қатаң тәртіпке байланысты бізге аурухана ішіне кіру мүмкін болмады. Ал мамандар қазір түрлі жолмен жұғатын дертке шалдыққандардың бір жерде емделіп жатқанын жасырмады.

Алайда, науқастардың ауру түрлеріне қарай бөлінген палаталардан шықпауын қадағалаймыз деп сендірді. Айтуынша, науқастарға қабылдау кезінде мұндағы тәртіп жіті түсіндіріледі.

Салаға жауаптылардың айтуына қарағанда алдағы уақытта аурухана аумағынан 100 орындық жұқпалы аурулар бөлімі ашылады. Қазір жаңа ғимараттың жобалық – сметалық құжаттамасы әзірленіпті. Жаңа нысан пайдалануға берілгенде науқастарды сырқат түрлеріне қарай бөліп, жеке орындарда емдеуге мүмкіндік туады екен.

Мақпал Рысбаева