фото Inbusiness.kz

2019 жылы әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасы 10 пайызға өсті. Ал кейбір әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасы арзандағанмен, кей сауда орындарында тауар құнын мөлшерден көп көтеріп сату жағдайлары тіркелген. Бағаны реттеуі тиіс әкімдер әзірге бұл істі тиісті деңгейде атқара алмай отыр.

Мамин мақтағанмен, Сұлтанов әкімдерді даттады. Былтыр әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасы 10 пайызға өсіпті. Ал кейбірі керісінше арзандаған. Бірақ, одан қайыр болмай тұр. Себебі кейбір сауда орындары олардың бағасын түсірмей отыр. Мұдай оқиғалардың орын алуын министр жергілікті әкімдіктердің дұрыс жұмыс жүргізбеуінен деп түсіндірді.

Бақыт Сұлтанов, ҚР Сауда және интеграция министрі: «Өткен жылы 67 жағдай тіркелді. Бірақ бірде бір әкімдік шекті бағаны реттеу бойынша қажетті шараны қолданбаған. Сауда обьектілеріне де заңмен белгіленген ықпал ету шараларын қабылдамаған».

Ал биылғы қаңтар айының өзінде әлеуметтік маңызы бар тауарлардың бағасын қолдан қымбаттатудың жеті жағдайы тіркелген.

Бақыт Сұлтанов, ҚР Сауда және интеграция министрі: «Әкімдіктер тарапынан тағы да ешқандай іс-қимыл болған жоқ. Мысалы, Қостанай облысында жалпы әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасы 0,7 пайызға төмендегенмен, тауық еті мен жұмыртқаға бағаның бекітілген шегінен артқаны қымбаттағаны байқалады. Ұқсас жағдай Алматы және Шымкент қаласы, Қызылорда, ШҚО, Түркістан облысында байқалады».

Сұлтанов пен бірқатар министрлердің баяндамасын тыңдаған соң Үкімет басшысы азық-түлік бағасын реттей алмағаны үшін былтыр әкім орынбасарларына сөгіс жарияланғанын ескертті. Енді тықыр әкімдерге таяғанын сездіргісі келді ме, оларға ескерту жасады.

Асқар Мамин, ҚР Премьер-Министрі: «Әкімдер бағалардың өсуін бақылауда ұстап, ол өзгерген жағдайда жедел шаралар қабыладу қажеттігін ескертемін».

Ал бірқатар министрліктер бағаны реттеуге көмектесетін тетіктер мен қаржыландыру құрылымдарын бір апта ішінде дайындауы тиіс. Ал өз жұмысын жеткілікті деңгейде атқара алмағандар мемлекет басшысы бұйрығымен көктемде орнынан кетуі мүмкін.

Меруерт Ахан