Редакциямызға хабарласқан Айтбай Дүйсебаев балаларына қол жеткізе алмай жүргенін айтады. 7 жылдан бері туған перзенттерінен жырақта жүрген әке балаларын бауырына басып, әке мейірімен бөлегісі келеді.
«ЕКІ ПЕРЗЕНТ СҮЙДІМ. ӘЙЕЛІМ ҚАЙТЫС БОЛДЫ»
– Менің түрмеден шыққаныма көп уақыт өтпеді,-деп бастады әңгімесін Айтбай Дүйсебаев.
Азаматтық некедегі әйелі Лиана соңғы жылдары көп ауырған. Екі баласына жақсы ана, күйеуі Айтбайға адал жар бола біліпті. Алайда, 2013 жылы Лиана қайтыс болады. Содан бастап Айтбайдың басына қара бұлт үйіріліпті.
– Лиана Қазақстан азаматы емес. Шетелден мұнда жұмыс істеуге келген. Дәлігері, өгей анасы оны осындағы жеңгетайларға сатып, жезөкшелікпен айналысуға мәжбүрлеген. Ал ақысын өзі алып отырған. Мен оны алғаш көргенімде ұнатып қалдым. Ол сондай қорғансыз еді. Жезөкше өмірді тастап, «адал» өмір сүргісі келетінін, отбасын құрғысы келетінін айтты. Бірақ қолында бірде-бір құжаты жоқ екен. Өгей анасынан құжаттарын қанша сұратқаныммен ол бермеді. Дегенмен мен Лиананы азат еттім. Сөйтіп, біз шағын отбасына айналдық. Көп ұзамай отбасымыз сәби үніне бөленді. Дүниеге қызымыз Лиза келді. Екі жылдан соң Лиана маған шекесі торсықтай ұл бала туып берді. Қуанышымда шек болмады. Алайда қуанышым көпке созылмады. Лиананың денсаулығы сыр беріп, 2013 жылы қайтыс болды. Лиананың өгей анасы қызының өліміне мені кінәлады. Не керек, соңында дегеніне жетті. Мен түрмеге қамалып, соңғы 7 жылым қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің Қызылордадағы «ЗК-169/5» мемлекеттік мекемесінде өтті. Сол жеті жыл 70 жылға пара-пар болды. Мені балаларымның жай-күйі алаңдатты. Сүттей ұйып отырған отбасының шырқы бұзылды. Олар бір күнде анасынан да, әкесінен де айырылып, жалғыз қалды. Менің қабырғама батқаны да осы еді,-дейді Айтбай.
«БАЛАЛАРЫМ ТЕГІН АУЫСТЫРДЫ»
Айтбайдың сөзінше, ол 2015 жылдың 9 желтоқсанында балаларының жай-күйін білу үшін сол кездегі ОҚО білім, жастар саясаты және тілдерді дамыту басқармасына хат жолдапты. Арада көп уақыт өтпей-ақ, хатына жауап алған Айтбай қатты күйзелген. Себебі, оның ұлы Мақсат пен қызы Лиза балалар үйінде екен.
– Мені қинағаны – ұл-қызымның балалар үйін паналағанынан бөлек, олардың тегі басқаның атына жазылғаны болды. Басқарманың хатында, балалар туылғанынан кейін туу туралы куәлік тіркелмегені, анасының ҚР азаматы ретінде жеке куәлігі болмағаны және анасының қайтыс болуына байланысты балалардың тегі анасының тегіне ауыстырылған. Заң жүзінде дұрыс та болар. Лиана сол күйі құжатсыз бақилық болды, некемізді де заң жүзінде тіркей алмадық. Балаларға туу туралы куәлік ала алмадық. Менің де қолымда балалардың әкесі екенімді дәлелдейтін бір жапырақ қағаз жоқ. Осылайша абақтыға тоғытылдым. Перзенттерім не ата-анасыз не құжатсыз «далада» қалды. Ол-ол ма? Нағашы әжесі балаларыма «әкелерің өліп қалды» депті. Балаларым 7 жыл бойы сол өтірікпен күн көріпті. Ал мен болсам абақтыда өткізген әр күнімді балаларымды ойлаумен өткіздім,-дейді Айтбай.
«МЕН ТІРІМІН, БАЛАЛАРЫМ – БАЛАЛАР ҮЙІНДЕ »
7 жылын абақтыда өткізген Айтбай Дүйсебаевтың ендігі мақсаты балаларын өз тегіне жаздырып, қолына алу екен. Алайда бұл оңайға соқпайды.
– Соңғы 7 жылдағы арманым – Мақсат пен Лизаны көру болды. Осы арманым маған абақтыда күш-қуат берді. Сондықтан да түрмеден шыға салып Сайрамдағы балалар үйіне тарттым. «Балаларымды көргенімде қуаныштан жүрегім тоқтап қала ма» деп қорықтым. Өз көзіме өзім сенбедім. 7 жыл бойы суретіне қарап, жанымды жұбатқан балаларым дәл алдымда тұр. Лиза қызым мойныма асылып, жылады. «Сізді өліп қалды деді ғой…» деп өксігін баса алмады. Бойжетіп қалыпты. Мақсат балам да өсіп қалыпты. Сол күні балаларымды қимай-қимай қоштастым. Тірі әкесі бола тұра, әкелік құқығымның жоқтығына налыдым. Туыстарымның, аға-әпкелерімнің бай-бақуатты болғанын қайтейін, олардың да туыстық қатысы болмаған соң, ұл-қызыма қорғаншы бола алмады. Туған-туысы, әкесі бола тұра балаларымның тірі жетім болып, қиналғанына жүрегім сыздады. Амал нешік? Өкінгеннен пайда жоқ. Ештен кеш жақсы деп, балаларым үшін күресті бастадым,- дейді Айтбай.
Ол бірнеше айдан бері талай табалдырықты тоздырып, есікті қаққан. «Бірақ, әкімшілік, құзырлы басқармалардың басшылары менің өтінішіме құлақ аспады» деп налиды. Айтуынша, өткен істі қопаруға ешкімнің зауқы жоқ. Оның үстіне сотталғаны тағы бар. Сондықтан да, оның мұңын тыңдап, көмек қолын беруге ешкім асықпаған. Алайда, балалары үшін жанталасқан әке қайткен күнде де бұл істі соңына дейін жеткізуге бел буыпты. Сөйтіп, редакцияға хабарласады. Айтуынша, тағдырлас оқырмандар болса мәселеден шығудың жолын көрсетуі мүмкін немесе жаны жомарт, көзі ашық, көкірегі ояу азаматтар оған жәрдем етеріне сенеді.
«БАЛАЛАРЫМДЫ МАҒАН БЕРМЕЙДІ»
– Зейнеткермін. Зейнетақым мардымсыз. Бірақ, тек соған қарап отырғаным жоқ. Шамам келгенше жұмыс істеп нәпақа табудамын. Бауырларым бар. Олар да көмектеседі. Басымда баспанам бар. Бір әттегені-айы, бұл заманда балаларымды өз қолыма алып, өсіруге ниетімнің болғаны жеткіліксіз екен. ҚР «Неке (ерлі-зайыпты) және отбасы туралы» Кодексіне, «ҚР баланың құқықтары туралы» ҚР Заңына және ҚР Білім және ғылым министрлігінің №229 бұйрығының 6-қосымшасының талаптарына сай келуің керек екен. Сонда ғана жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларды асырап алуға, қорғаншылыққа немесе қамқоршылыққа аласың. Ал мен оның бір де бір талабына: жас ерекшелігі жағынан да, материалдық тұрғыдан да сай келмеймін. Балаларымды жақсы көремін. Олар үшін аянып қалмаймын. Осы бағытта жол сілтейтін жан болса болғаны,-дейді ол.
Тағдырдың теперішін көрген Айтбай жасқаншақ болып қалған. Оның үстіне жасы келіп, қартайып қалған. Түрмедегі күндері де қажытқан. Дегенмен әкелік махаббаты, мейірімі оған күш-қуат беруде. Ол балаларын Заң жүзінде ала алмайтынын біледі.
Ендігі кезекте ұлы мен қызын аға-інілерінің асырып алуын не қорғаншылыққа немесе қамқоршылыққа алуы үшін жанталасып жүр.
Бауырлары да «оның ұл-қызын сыртқа теппейміз, қанымыз бен жанымыз бір» деп отыр. Сөйтіп Мақсат пен Лизаны әкесінің тегіне жаздырмақ. Алайда, Айтбай қария бұл істің жақын арада шешілетініне сенбейді.
Мәселе шешімін таппаса, перзенттерім тексіз қала ма, деп қорқады.
Айжан Ермекқызы
«Оңтүстік Рабат», №4, 22 қаңтар 2020 ж