Еліміз бойынша 609 елді-мекенді су алу қауіпі бар

189

Еліміз бойынша 609 елдімекенді су алу қауіпі бар. Ал су тасқынының зардабын жыл сайын тартатын өңірлердің әкімдері табиғи апаттың алдын алу үшін жеткілікті деңгейде қаржы бөлмей келеді.

Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев Үкімет отырысында осылай деді. Оның сөзінше, Шығыс Қазақстан облысы Төтенше қызметті нығайтуға 2019-2020 жылдарға мүлде қаржы бөлмеген. Ал Павлодар облысы былтыр бұл мақсатқа қаржы қарастырмаған. Көктем сайын тұрғындары жиі әбігерге түсетін СҚО су тасқынының алдын алуға қажетті ақшаның 37 пайызын ғана берген.

Қазақстандық шұғыл қызмет су тасқынына дайын емес. Күн жылынса су тасу қаупі әсіресе Шығыс пен Солтүстік Қазақстан облыстарында жоғары. Ол ол ма, елордасы Нұр-Сұлтан қаласында да су деңгейінің көтерілу қаупі бар. Бірақ облыс басшылары төтенше жағдай жөніндегі қызметтің материалды-техникалық базасын нығайтуға мүлде қаржы бөлмеген.

Ерлан Тұрғымбаев, ҚР Ішкі істер министрі: «ШҚО 2019 жыл мен осы жылға қаржы бөлінбеген. Павлодар облысында осы жылға қаржыландыру мүлде қамтамасыз етілмеген. Ал СҚО бойынша тек 37 пайыз қаржы қаралған. Сондықтан су тасқынға әлі толықтай дайынбыз деп айтуға әлі ерте».

Су тасқынының алдын алу үшін екі жыл бойы қаржы бөлмеген ШҚО-да қауіпті аймақтағы 47 823 үйдің тұрғындары әлі көшірілмеген. Аталған жұмыс тек СҚО, Ақмола облыстары бойынша жүргізіліп, Ақтөбе облысында енді басталған. Су басу қауіпін туғызуға себеп болатын бөгеттер мен тоғандардың қазіргі жай-күйі жіті бақылауда дегенмен, олардың жағдайы да ойландырарлық.

Сергей Громов, ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар вице-министрі:
«Бізге қазір жұмыс істеу керек бөгеттердің саны – 463. Оларды қалыптағы нормаға келтіру үшін бірқатар сұрақтарды шешу керек. Былайша, барлығын да бақылауда ұстап отырмыз. Ал дәл қазіргі уақытта бөгетті шайып кету қауіпі төніп тұрған жоқ».

Ал жауаптылардың барлығына Премьер-Министр су тасқынының алдын алу жұмыстарын жіті жүргізуді тапсырды. Апат болған жағдайда халықты құлағдандыру жағы да назардан тыс қалмау қажеттігін де атап өтті.

Асқар Мамин, ҚР Премьер-Министрі: «Барлық әкімдер бүгінгі күннен бастап жағдайды күнделікті жеке бақылауға алсын. Елді-мекендерді оның ішінде ауылдарды қардан тазарту үшін барлық техниканы жұмылдыру қажет».

Қалалар мен өңірлер әкімдері осы жағдайға байланысты әр апта сайын селекторлық кеңес өткізіп, апаттың алдын алу үшін жұмыстар жүргізуі тиіс. Ал қазіргі уақытта ел бойынша 609 елдімекенді су басу қауіпі бар.

Меруерт Ахан