Хиджама. «Арам» қаннан арылу…

2065

Ел ішінде хиджама жасататындар, яғни денесінен қан алдыратындар бар. Айтуларынша, денедегі «арам» қанды алдыртып, түрлі дерттен арылуға болады. Әйткенмен, хиджама туралы пікір де әралуан. Сенетін де, сенбейтін де бар. Сонымен, денеден қан алдыртудың пайдасы мен зияны қандай? Хиджама жасатып, дерттен айығу мүмкін бе? Денсаулыққа әсері қалай? Кімдерге хиджама жасатуға болады, кімдерге тыйым салынған? Осы сауалдарымыздың жауабын іздеп көрдік.

ҚАН АЛДЫРУ — СҮННЕТ

«Хиджама» сөзі араб тілінен аударғанда «қан алдыру, қан шығару» деген мағынаны білдіреді, яғни бойдағы «арам» қанды шығару арқылы емделу. Көнекөз қариялардың сөзіне сенсек, денеден қан алдыру әдісін ертеде біздің ата-бабаларымыз қолданған.
Кейін келе шыны банкіні отпен қыздырып емделген. Мұхаммед (с.ғ.с) пайғамбарымыздың сүннеті болып табылатын бұл әдіс туралы 150-ге жуық хадис бар екен. Мәселен, Хадис шәрифте: «Қан алдыру – ең жақсы емдеу әдістерінің бірі». «Күн ысығанда қан алдырыңдар! Өйткені қан қысымы көтеріліп, ауруға немесе өлімге себеп болады» (Хаким) делініпті. Алайда, дәл осы хадисте: «Аш қарынға қан алдыру дауа, тоқ кезде болса дерт» (Дәйләми) деп қан алдырудың тәртібі жазылған. Осыдан-ақ, көптеген дертке шипа болатын хиджаманы жасатудың да өзіндік ережесі бар екенін байқау қиын емес.


Емделудің осы әдісін меңгеріп, 3 жылдан бері шымкенттіктерге хиджама жасап жүрген қолында сертификаты мен дипломы бар Нұрбах Кенжехановтың айтуынша, қан алдыру – мың да бір дертке шипа. Алайда оны білікті маманға, арнайы залалсыздандырылған медициналық орталықта жасату керек. Әйтпесе, шипа табамын деп жүріп, дерт жабыстырып алуыңыз мүмкін.

ҚАН АЛДЫРАТЫНДАР КӨП

Мұхаммед (с.ғ.с) пайғамбардың заманынан келе жатқан емдеу тәсілі медицина тілінде — хирургиялық жолмен емделу болып табылады. Яғни, денені тілу арқылы капилляр қантамырлардағы қанды сору. Нұрбах Кенжахановтың айтуынша, емнің бұл әдісі Ресейде жақсы дамыған.Татарстанның Қазан қаласында білім алған ол емделудің бұл түрі біздің елде де қарқын алып келе жатқанын айтады. 3 жылдан бері оның еміне елімізге белгілі эстрада және спорт жұлдыздары келіпті.
– Келген адамдардың көбінің басы ауырады. Арасында остеохандроз, артрит, полиартрит, омыртқааралық жарығы бар, тізесі, аяқ-қолының буыны ауыратындары да көп. Міне, дәл осы аталған ауруларды емдеу үшін таптырмас әдіс бұл — хиджама. Сондай-ақ, қан алдыру жүрек-қантамыр жүйесінің қызметін реттеп инфаркт, инсульттің алдын алады. Өтте тас жиналуды болдырмайды. Кішкентай балалардағы баспаны (ангина) кетіруге болады. Яғни, құлақтың артқы жағындағы лимфа түйінін кесу арқылы тамақтағы ангина кетеді — дейді Нұрбах Кенжеханов.
Айтпақшы, хиджаманың ер адамның репродуктивті денсаулығына оң әсері бар. Яғни, еркектің күш-қуатын арттырып, потенцияны көтереді екен.

КІМДЕРГЕ ХИДЖАМА ЖАСАТУҒА БОЛМАЙДЫ?

Кез-келген ем-домның оң әсерімен қатар «терісі» де жүреді. Осы орайда Нұрбах Кенжеханов хиджаманың адам денсаулығына зияны жоқ екенін 100 пайыз сенімділікпен айтады. Алайда, ем-домнан соң әлсіздік, іші өту сияқты белгілер байқалатынын жоққа шығармайды. Оның айтуынша, бұл қалыпты жағдай. Яғни, адамның иммунитеті аурумен күресіп жатқанының белгісі. Мұндай кезде дәрі-дәрмек қабылдауға болмайды екен.
– Хиджамадан соң денсаулығым нашарлай түсті дегендер осы қағиданы ұстанбағандар,- дейді ол.
Маман гемофилия, гипотония дертіне шалдыққан адамдарға хиджама жасатуға болмайтынын қатаң ескертеді. Сондай-ақ, жүкті әйелдерге де қан алдырмаған жөн.
– Жүктіліктің алғашқы 4 айында бала белге бекінгенше қан алдыруға болады. Одан соң хиджама жасатпаған абзал. Бұдан жатырдағы бала қиналып қалуы мүмкін. Ал қаназдыққа шалдыққандардан аз мөлшерде қан алдыртуға болады,- дейді Нұрбах.

ЖАСАТУ ЖИІЛІГІ

Жасату жиілігіне келсек, емдеу курсы 1 аптаға созылады. Сосын 7 күн демалу керек. Кейін емделудің екінші курсын тағы қайталауға болады. Кейде емдік курсының арасы 15 күнге созылуы мүмкін.
– Қан қысымы бар (160-тан жоғары) адамдарға жылына 4 рет жасатқан дұрыс. Одан төмен (150-ден төмен) жылына 2 рет қан алдырғаны жөн. Бұл жайында хадисте де жазылған. Дегенмен қанды алатын мүшеге байланысты емдік курстың уақыты әрқалай болуы мүмкін. Сондай-ақ, алынатын қанның мөлшері де әртүрлі болады. Бір адамнан 50 гр, енді бірінен 500 гр қан шығуы мүмкін. Бірақ, одан көп алмаймыз. Және 1 қойғанда 25 банкіден қойған жөн. Бұл да емдік курстың нәтижелі болуына әсер етеді,-дейді Нұрбах.

НЕНІ ЕСКЕРУ КЕРЕК?

Оның айтуынша, хиджама адамның бойындағы қанды тазарту үшін керек. Одан соң қан қоюланады екен. Себебі, күнделікті ішіп-жеп жүрген ас-ауқатымыздың құрамындағы зиянды заттар адам организіміне жиналып, оны улайды. Ал хиджама арқылы қан тазарады, жаңарады.
– Біле білсеңіз адам бойынан алынған осы қанға шыбын да қонбайды. Өте зиян. Ал зиянды қанды ағзамызда жинай отырып, бүкіл ағзамызды улаймыз. Сондықтан да хиджама жасатқан жөн. Алайда, ескеретін жайт, хиджаманы аш қарынға жасату керек. Немесе тамақтанудан кейін 3 сағат уақыт өткені дұрыс. Қан алғаннан кейін шай ішу керек. 4 сағатқа дейін темекі шегуге болмайды. 3 күн бойы жеңіл тамақтанған дұрыс. Өзіңізді күтуіңіз керек. Суықтап қалуға болмайды,-дейді Нұрбах.

Айжан Ермекқызы

«Оңтүстік Рабат», №8, 19 ақпан 2020 ж