Кентаулық полицейлер 20 дана жылыту батареяларын тонап кеткен күдіктілерді ұстады

50

 

Кентау ҚПБ-нің кезекші бөліміне жергілікті тұрғын арызданады. Жәбірленушінің айтуынша белгісіз тұлғалар оның жұмыс істемейтін моншасына кіріп, 20 дана жылыту батареяларын және 10 қорап жерге төсейтін кафелін жасырын ұрлап кеткен. Жәбірленушіге келтірілген шығынның жалпы көлемі 400 000 теңгені құрады.
Аталған жайт ҚР ҚК 188-бабы «Ұрлық» бойынша СДТБТ-ға тіркелді.

Ұрлықты ашу мақсатында Кентау қалалық ПБ-нің полиция қызметкерлері кешенді жедел-іздестіру іс-шараларын өткізді. Тәртіп сақшылары қылмыс орнын мұқият тексеріп, жақын маңдағы аумақтарды аралап, куәгерлерден жауап алды. Жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде, полиция қызметкерлері ұрлық жасаған үш күдіктіні ұстады. Ұсталған 3 күдікті Кентау мен Түркістан қаласының тұрғындары болып шықты және біреуі бұрын сотты болғаны анықталды.

Тергеу барысында, күдіктілер моншаға терезе арқылы кіріп, құрылыс материалдарын ұрлап сатқан, ал ақшаны өз қажеттіліктеріне жаратқан. Ұрланған мүліктің бір бөлігі заңды иесіне қайтарылды.
Қазіргі уақытта аталмыш ұрлық жайты бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Күдіктілер қамауға алынды.Полиция қызметкерлері ұсталғандардың басқа да осыған ұқсас қылмыстарға қатыстылығын анықтауда.

Түркістан облысының полицейлері азаматтарға әрқашан қырағы болуға және өз мүлкін қараусыз қалдырмауға кеңес береді. Сондай-ақ, тәртіп сақшылары өздерінің тұрғын үйлері мен үй-жайларында бейнебақылау камералары, күзет дабылы, терезедегі торлар мен кіру есіктеріндегі сенімді құлыптар орнатуды ұсынады. Егер сіз, осындай қылмыстардың құрбаны немесе куәгері болсаңыз, тез арада 102 телефоны арқылы полицияға хабарласыңыз.