28 қаңтардағы жағдай бойынша, Қытайда 4515 адамның коронавирус жұқтырғаны расталып, тағы 6900 адам ауруға шалдығуы мүмкін, деген күдікке ілінді. 27-28 қаңтар, яғни бір тәуліктің ішінде Қытайдың 30 провинциясында, автономды аудандарында және қалаларында ауру жұқтықтарғандар саны 1771 адамға өсті.
515 науқас ауыр халде жатыр. 9 науқас емделді. Соңғы деректерге сәйкес, коронавирустан қаза тапқандар саны 106 адамға жетті. Коронавирустық инфекция Қытай аумағынан шығып, әлемге таралып бастады. Жапонияда, Оңтүстік Кореяда, Гонконгте, Тайваньда, Тайландта, АҚШ-та және басқа жерлерде тіркелді.
Коронавирус жұқтырғандар Қазақстанда тіркелмеді. Десе де көршілес елден шыққан инфекцияның мұхит асып таралып жатқанын ескерсек, біздегі сақтық шараларын күшейту маңызды болып отыр.
Осы мақсатта Қытай азаматтарының Қазақстан аумағында 72 сағаттық визасыз болу мерзімі 2020 жылдың 1 шілдесіне дейін тоқтатылды.
«Қорғас» халықаралық шекара маңы ынтымақтастық орталығы жұмысын уақытша тоқтатып, 15 ақпанға дейін жабылды.
Қазақстан мен Қытай арасында қатынайтын пойыздардың барлық персоналына және жолаушыларына бетперде кию міндеттелді. ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің ақпаратына сүйенсек, бүгінгі таңда Қазақстан мен Қытай арасында аптасына бір рет үш жолаушылар пойызы қатынайды.
Кеше ҚР Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов 6 қаңтардан бері Қытайдан Қазақстанға қанша адам келгенін баяндады.
–Қазіргі уақытта ҚХР аумағынан 25 858 адам келді. Олардың арасында қазақстандықтар да, шетелдіктер де бар. Барлық жолаушылар туралы ақпарат Денсаулық сақтау министрлігіне жіберіледі. Әрі қарай Тауарлар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау комитеті арқылы тұрғылықты мекенжайы бойынша тексерулер, өзге адамдармен қарым-қатынасы тексеріледі, — деді министр.
Оның айтуынша, кейбір жолаушылардан Жедел респираторлы вирустық инфекция белгілері байқалған.
–Қазіргі уақытта қызуы көтеріліп келген 23 жолаушы келді, оның төртеуі ЖРВИ күдігімен ауруханаға жатқызылды. Вирустық инфекциялар арасында нақты айырмашылықтар болмағандықтан, оларды ЖРВИ күдігімен ауруханаға жатқызамыз. Барлығынан қан сараптамалары алынды. Үш тәулікте егжей-тегжейлі диагностика жүргізіледі. Сәйкес ем-дом тағайындалды, — деді Е. Біртанов.
Сондай-ақ, ҚР ДСМ санитариялық-эпидемиологиялық қызметі коронавирустық инфекция туралы түсініктеме берді.
Министрліктің таратқан мәліметінше, коронавирустар (CoV) – бұл қарапайым суық тиюден бастап таяу шығыс респираторлық синдромы (MERS-CoV) және ауыр жіті респираторлық синдром (SARS-CoV) сияқты ауыр ауруларды тудыратын вирустардың үлкен тобы.
Жаңа коронавирус – бұл бұрын адамдарда анықталмаған жаңа штамм, ол жануарлардың организмінде паразиттік өмір сүреді. Жасырын (инкубациялық) кезеңі 2-7 тәулік. Ауру кезінде дене температурасы көтеріледі, жөтел, демікпе пайда болады және тыныс алу қиындайды.
Вирустың айналысы жануарлар, жарқанаттар, жыландар, борсықтар мен басқа жануарлар арасында байқалады, вирустың концентрациясы жоғары болған кезде инфекцияның адамнан адамға көбіне ауа-тамшы жолы арқылы берілуі мүмкін. Инфекция көзі мен таралу жолдары түпкілікті анықталған жоқ.
Алдын ала эпидемиологиялық тергеп-тексеруге сәйкес жаңа коронавируспен ауырған адамдардың көбі Хубей првинциясының Ухань қаласында орналасқан Хуанань теңіз өнімдері, жануарлар, құстар мен экзотикалық өнімдер көтерме сауда базарында жұмыс істеген немесе өңдеушілер болған және оған жиі барып тұрған.
Қытай билігі қарқынды қадағалау және кейінгі шаралар бойынша, сондай-ақ одан арғы эпидемиологиялық тергеп-тексеру бойынша өз жұмысын жалғастыруда. Уханның 4 қаласының тұрғындары үшін қаладан шығуға уақытша тыйым салынды, Ухань қаласынан әуе рейстерінің ұшуы, автобустар мен поездар тоқтатылды.
ҚР Сыртқы істер министрлігінің ақпаратынша, карантинге жабылған Қытайдың Ухан қаласында бүгінде Қазақстаннан 230 студент оқиды. Олардың 98-і ғана қалада қалып отыр. Қалғандары демалыстың басталуына байланысты Қазақстанға және басқа да елдерге кетіп қалған.
ҚР ДСМ санитариялық-эпидемиологиялық қызметі халыққа мыналарды ұсынады:
• өте қажет болмаса, ҚХР-ға сапарға шығудан бас тарту;
• Ухань, Хуанганг, Эчжоу, Гибн, Сяньбао, Цяньизян, Чжидзя и Лигуан қалаларына барудан бас тарту;
• ҚХР-да болған кезде немесе сол жақтан келген кезде респираторлық ауру симптомдары пайда болған жағдайда, сапар кезінде немесе одан кейін медициналық көмекке жүгіну немесе өзінің емдеуші дәрігеріне инфекцияның таралу аймағына барғаны туралы хабарлау қажет;
• жіті респираторлық инфекциялармен ауыратын адамдармен тығыз байланыс жасамау;
• коронавирустық инфекциямен сырқаттанудың көтерілуі ЖРВИ мен тұмаумен сырқаттанушылық бойынша маусыммен тұспа-тұс келгенін ескере отырып, науқастармен байланыста болған кезде, сондай-ақ медициналық ұйымдарға барған кезде әр 3 сағат сайын ауыстырылатын, бір рет қолданылатын бетперделерді пайдалануды ұсынамыз;
– қолды жиі жуу, әсіресе науқас адамдармен немесе олардың айналасымен тікелей байланыста болғаннан кейін;
• ауру үй жануарларымен және/немесе жабайы жануарлармен тығыз байланыста болмау;
– аурудың бірінші белгілері пайда болған кезде дәрігерді үйге шақыру, өзін-өзі емдемеу;
– тағамдық берілу жолын болдырмау үшін тамақ өнімдерін мұқият термиялық өңдеуден өткізу және көкөністер мен жемістерді жуу.
Жіті респираторлық инфекция симптомдары бар адамдар жөтел этикетін сақтауы тиіс (қашықтықты сақтаңыз, жөтелгенде және түшкіргенде бір рет қолданылатын сулықтармен немесе орамалмен ауызды жабыңыз).
«Оңтүстік Рабат», №5 29 қаңтар 2020