Мәдени астана атанғалы тазалыққа білек сыбана кіріскен шымкенттіктер тағы да тазалық акциясын өткізді. Бұған дейін аудан әкімдіктері жарнама парақшаларының көзін жойса, бұл жолы қараусыз қалған жерлерді жинады. Осылайша жауаптылар қонақ келетін қаланы тазартып, тұрғындарын мәдениетке баулымақ.

 


Таңмен таласа қалаға тазалық орнатып жүретін мамандар бүгін жалғыз емес. Олармен бірге еріктілер мен әкімдік мамандары да айналаны жинауға келіпті. Сенбілікке жиналған олардың қарасы көп емес. Десе де сервистік мамандарға қолғабыс етіп, қараусыз қалған фосфоршылар сарайының алдын тазартуға тырысты.


Нұрлыбек Әбілкәрім, ерікті: «Шымкент қаласы 2020 жылы ТМД елінің мәдени астанасы болды. Қонақтар осындай керемет ғимараттың алдын көріп, осы жерде болып жатқан іс -шараларды көріп, өзінің сәті түсіп тұрған кез деп ойлаймын. Бізге ешкім ақша төлеп жатқан жоқ, ешкім үгіттеп жатқан жоқ., біз өз еркімізбен өзіміз үшін келіп тұрмыз».


Шымкентті мәдени астанаға лайықты етеміз деген аудан әкімдіктері бұған дейін жарнама парақшаларымен күрескен еді. Енді олар қараусыз қалған жерлерді жинап жүр. Одан бөлек, тұрғын үй алаптарына арнайы барып, тұрғындарды сенбілікке шақырды. Орайды қалт жібергісі келмеген тұрғындар болса, жауаптыларға жанайқайын жеткізіп үлгерді.


Сейсенкүл Кушенбаева, қала тұрғыны: «Өзімізге байланыстының барлығын жасап жүрміз. Жинап-тазалау дегеннің барлығын. Бірақ, шатырды ауыстыру қолымыздан келмей жатыр. Тұрғын үй мекемесінен маман келген. Олар шатыр құнын 30 млнға бағалады. 15 жыл төлейсіңдер деп. Бірақ ол қаржыны біздің қалтамыз көтермейді. 15 жылда кім бар кім жоқ. Бар бас ауруымыз осы ескі шатыр болды».


Қаламызда басталған тазалық шарасы енді апта сайын жалғасын таппақ. Осылайша мәдени астана атағын алған Шымкент әкімдігі мен тұрғындары қонақтар қабылдауға дайындалып жатыр.

    Назерке Үкібасова