Маятастықтардың мұңы…

141

Қала қатарына 9 жыл бұрын қосылған «Маятас» елді — мекені әлі күнге дейін өркениетке қол жеткізе алмай келеді. Осылай деп арнамызға арызданған тұрғындар жауаптылар жұмысына наразы.

Сөздерінше, аумақ әлі күнге дейін ауыл кейіпінен арылмаған. Оның бірден бір дәлелі көшедегі ми батпақ пен құлауға шақ тұрған жарық бағаналары екен.

Коммуналдық мәселелер жүйкелерін тоздырған «Маятас» тұрғындары 9 жылда жағдайымыз жөнделе қоймады дейді. Көшедегі бәз-баяғы батпағы, жантайған жарық бағаналары. Жел үп етсе сөнетін жарыққа да жұрттың еті үйренген. Сым тартылған бағандар баршаның берекесін қашырып бітіпті.

Көшедегі көлшіктер мен батпаққа бойы үйренген жұрт қалаға жетудің де мұң екенін айтады. Елді — мекенге автобустың жүреді деген аты ғана бар. Ал, оған жеткенше тұрғындар мына көпірден өтуі тиіс.

Осы мәселенің бәрін айту үшін тұрғындар әкімдік табалдырығын тоздырған. Ондағылар уәде берумен шектеліп келеді. Әлі де болса жібі түзі жауап естуден үмітті жұртшылық бұл жолы да әкімқарадан баяғы жырды естіді. Тұрғындардың жүйкесін басшылардың бірсарынды жауабы да жұқартқаны байқалды.

Осылайша жылдар бойы айтылып келе жатқан уәде бұл жолы да еш өзгеріссіз қайталанды. Енді тегіс жол мен қоғамдық көлікті армандаған тұрғындарға әкімдік жоспарына сеніп, оның орындалуын күтуден басқа амал жоқ. Шамасы келетіндер ауылдан көше бастапты.

Назерке Үкібасова