Бұл туралы 2019 жылғы жұмыс қорытындысы және 2020 жылға арналған негізгі міндеттер бойынша ведомствоның алқа отырысында Министр Біржан Нұрымбетов мәлім етті.

Министр бүгінгі таңда Еңбек және әлеуметтік-еңбек саласындағы маңызды жобаларды іске асыратынын хабарлады.

Біріншісі – «Отбасының әлеуметтік картасы», ол Қазақстан халқының 100%-ын, яғни 7 миллион отбасын қамтиды. Әлеуметтік карта әр отбасының қандай өмірлік жағдайда екенін көрсетеді, күрделі немесе дағдарысты жағдайдан шығу үшін жұмыс алгоритмін айқындайды.

«2019 жылдың шілдесінде әлеуметтік карталарды қалыптастырғаннан кейін күрделі және дағдарысты жағдайда болған 101 мың отбасы анықталды. Оларға қатысты жұмысқа орналастыру (12,7 мың), емханаларға (68,8 мың), балабақшалар мен мектептерге (72,9 мың) бекіту бойынша шаралар қабылданды. Барлығы 150 мыңнан астам шара жүзеге асырылды. Қыркүйек айында 505 отбасы өмірлік қиын жағдайдан шығарылды, оларға 533 әлеуметтік қолдау шарасы көрсетілді», – деді Біржан Нұрымбетов.

Екінші жоба – «Қазақстан азаматының әлеуметтік ID» әлеуметтік жәрдемақы алудың ашықтығын, қолайлылығын арттыруға бағытталған. Әлеуметтік ID АӘК төлеуді, қоғамдық көлікте жеңілдікпен жол жүруді, көпбалалы және табысы аз отбасылардың балаларының мектептерде тегін тамақтануын төлеуді көздейді.

Ақтөбе әкімдігімен бірлесіп оны пилоттық қолдану 2019 жылдың шілдесінде басталды, операторы «Қазпошта» АҚ болды. 5 мыңға жуық карта шығарылып, 31 мың транзакция жүзеге асырылды.

«Жоба Қарағанды, Атырау, Павлодар облыстарында және Нұр-Сұлтан қаласында енгізілуде. 2020 жылы жобаны барлық облыс орталықтарына тарату қажет», – деп толықтырды Еңбек министрі.

Жұмыспен қамту және жұмысқа орналастыру саласында «Электрондық еңбек биржасы» (бұдан әрі – ЭЕБ) және «Электрондық еңбек шарттары» жобалары іске асырылуда.

ЭЕБ арқасында 2 жыл ішінде 1 млн-нан астам адам жұмыс таба алды. «Электрондық еңбек шарттары» жобасына 25 мың ұйым қосылды. 1,1 млн электрондық шарт тіркелген, бұл қызметкерлердің еңбек құқықтарын қорғауға ықпал етеді.

«Мемлекеттік қызметтерді автоматтандыру саласында электрондық қызметтердің үлесі 80%-ға жеткенін, 2019 жылдың басында 42% болғанын атап өткім келеді. Egov порталында 6 мемлекеттік қызметті орналастыру және 10 қызметті проактивті форматқа көшіру есебінен өсімге қол жеткізілді. 2020 жылдың соңына дейін біз электрондық қызметтердің үлесін 90%-ға дейін жеткізуді жоспарлап отырмыз», – деп түйіндеді Біржан Нұрымбетов.

Бүгінгі таңда әлеуметтік және еңбек саласындағы 40 мемлекеттік қызметтің 18-і электрондық, 14-і проактивті және 10-ы композитті түрде көрсетіледі.

Мысалы, «Алтын алқа», «Күміс алқа» алқаларымен марапатталған көпбалалы аналарға берілетін жәрдемақы немесе мүгедектігі бойынша мемлекеттік жәрдемақы, бала туу және 1 жасқа дейінгі бала күтімі бойынша жәрдемақылар өтінішсіз немесе проактивті түрде тағайындалады. Бір өтініш бойынша барлық зейнетақы төлемдері композитті түрде тағайындалады