«Гарант 24 Ломбард», «ESTATE Ломбард» және «Нурали Капитал», «Выгодный займ» микрокредиттік ұйымдарының ісіне қатысты эстрада жұлдыздарынан жауап алынады.

Бұл туралы Ішкі істер министрлігі Тергеу департаментінің басшысы мәлімдеді. Өйткені олар талайды тақырға отырғызып кеткен алаяқтарды жарнамалауға қатысқан. Ал, экс-мәжлісмен азаматтарды алдап кеткендердің жарнамасын жасаған жұлдыздардың әлеуметтік желідегі парақшаларын мүлдем бұғаттап тастауды ұсынды.

Алдымен түрлі қаржы ұйымдарының жұмысын жаһанға жар салып жарнамалаған жұлдыздар енді өкініп отыр. Ал, экс-депутат Светлана Романовская олардың әлеуметтік желідегі парақшаларын бұғаттап тастауды ұсынды.

Светлана Романовская, ҚР Парламенті Мәжілісінің экс-депутаты: «Бұл өз абыройын төгу деген сөз. Не жариялайтыныңды бастапқыда тексеру керек, адамдарды шатастырмау қажет. Олар өзіне керек ақшаны алды, ал жазылушыларына немқұрайлы қарады. Жұлдыздардың еш қатысы жоқ деуге болмайды. Оларға ақша берді, олар да жарнамасы үшін ақша алды. Жазылушылары көп аккаунтарды бұғаттап тастау керек деп ойлаймын».

Ал алғашында армандарыңды «алтын балықша» орындаймын деген қаржы ұйымының құрылтайшысы елден тайып тұрған. Тіпті жай кетпей, өзіне сенген адамдарды мазақ етіп кетті. Оның мұндай жазбасы әлеуметтік желілерде тарады.


Қаржылық пирамидалардың негізін қалаушылардың екеуі Қазақстаннан тыс жерде деген ақпарат бар. Олар Ресей мен Қырғызстанда болуы мүмкін. Нақты орналасқан жерлерін анықтау үшін арнайы тергеу-жедел тобы құрылды. Егер ұсталып, қылмыстары дәлелденсе, 12 жылға дейін бас бостандықтарынан айырылуы мүмкін. Осы істің аясында олардың жұмысын жарнамалаған жұлдыздардан да жауап алынатын болады.

Санжар Әділов, Ішкі істер министрлігі тергеу департаментінің басшысы: «Қаржылық мониторинг комитетімен, бас прокуратурамен бірлесе жымқырылған қаржыны іздестіру шараларын жүргізіп жатырмыз. Бүгінде іздестіру шаралары барысында 40 млн. теңге тәркіленді. Тергеу органдарымен 21 пәтерге, 3 үйге, 30-дан астам автокөлікке тыйым салынды».

«Гарант 24 Ломбард», «ESTATE Ломбард» ЖШС, «Нурали Капитал», «Выгодный займ» атты қаржылық ұйымдардан келтірілген жалпы шығын мөлшері 5 млрд. теңгеден асып кетті. Осыған байланысты 22 қылмыстық іс қозғалды. Қазір 12 күдіктіге халықаралық іздеу жарияланған. Ал қаржы пирамидаларын жарнамалаған эстрада жұлдыздары Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 150, 157-баптары бойынша олар жауапкершілікке тартылуы мүмкін. Себебі, олар қылмысты жарнамалағанда қылмыстық ұйымдарды да жарнамалағанын білуі тиіс болған дейді, еліміздің бас тергеушісі.

Меруерт Ахан