Қазақ өнері қара жамылған күн. «Нурикамал», «Шәй ішіп кетсең қайтеді» секілді ел арасында танымал әндердің авторы көз жұмды. Белгілі сазгер, Қазақстан композиторлар одағының мүшесі Тұрдықылыш Ізтаевпен қоштасу қаралы жиынына марқұмның жақындары, ұзақ жылдар бірге қызмет еткен үзеңгілес достары мен әріптестері қатысты. Саналы ғұмырын музыка саласына арнаған композитормен қоштасу өзі 21 жыл қызмет еткен оқу ордасында өтті.

Иісі қазаққа белгілі «Нурикамал» әнінің жарыққа шыққанына 30 жылдан асты. Бәрімізге таныс туындыны естігенде әуеніне тербетіле билеп, сөзін қосыла шырқаймыз. Осындай қайталанбас туындының жарыққа шығу тарихы да ерекше. Күллі қазақ елінің жүрегінен ойып орын алған әннің сөзін жазған қара өлеңнің ханшайымы Ханбибі Есенқарақызы болса, әуенін жазған белгілі сазгер Тұрдықылыш Ізтаев. Сазгермен қосштасуға жиналғандар өнер иесінің төлқұжатына айналған туындысын айтпай өтпеді.

Дария Қожамжарова, М.Әуезов атындағы ОҚМУ ректоры:
«Әрбір қазақтың аузында жүрген «Нурикамал» әні ол кісінің символына айналған. Жалпы қазаққа «Нурикамал» деген бір ән арқылы автордың кім екенін білетін, түсінетін, жүрекпен сезінетін ұрпақ қалдырды. «Жақсының аты, ғалымның хаты өлмейді» деген сөз бар. Ол кісінің артында қалған ізі қашан да сайрап жатары анық».

Тұрдықылыш Ізтаев еңбек жолын 1973 жылы Шымкент қаласында орналасқан мәдениет институтында бастаған. Ұстаздық пен сазгерлікті қоса алып жүрген өнер иесінің «Нурикамалдан» басқа да белгілі туындылары көп. Мысалы «Бір жүрек бір жүрекке керек екен», «Қайдасың», «Жүрек сыры» сынды әндері ел арасында көп айтылған. Ұзақ жылдар бойы бірге қызмет еткен әріптестері Тұрдықылыш Ізтаевтың қазақ және орыс ұлттық аспаптарына қосқан үлесі де зор екендігін айтады.

Едіге Балабеков, Педагогика ғылымдарының кандидаты, доцент: «Бізде қазақ және орыс оркестрлері жұмыс істеді. Ол кісі орыс оркестрін 15 жылдай басқарды. Қазақтың көптеген әндерін және күйлерін орыс оркестрінің репертуарына түсірді. Тағы бір айтарым ол кісі қазақ оркестрінің құрамына лайықтап қазақ ән күйлерін түсірді. Осының өзі ол кісінің орасан еңбегі. Және ол кісі дос десе жанын беретін адал жігіт еді».

«Білікті ұстаздан сабақ алған саналы әрі білімді шәкірттері көп. 2000 жылдың үздік композиторы атанған сазгердің ән әлеміне қосқан үлесі де зор. Сондықтан болар артында қалдырған ізі жалғасын табары анық», дейді сазгердің әріптестері.

Жанерке Хумар