ОҚМПУ ұстаздары оқу залына бүгін дәріс өту үшін емес, университеттегі былықты ашу үшін жиналды. Шәкірттерінің орнына жайғасқан тілшілерге жанайқайын жеткізу үшін ректордың міндетін атқарушы, проректор, ғалым ғана емес, ата-ана да келген. Барлығының айтары бір 3 айдан бері бұл университеттен береке кеткен.

«Анар Қайырбекова қазан айында ректор болып келгенде-ақ келіспеген болатынмын. Себебі оның педагогикалық білімі жоқ. Ал, ондай адам қалай ұстаздар ұстаханасын басқармақ? Келгеннен кейін де тыныштық берген жоқ. Біріміздің сабақ беру уақытымызды қысқартса, басқасын ауырып тұрса да жұмысқа шығарып қойды», дейді оқытушылардың бірі.

Осылайша ұстаздар ордасына педагогикалық білімі жоқ эконамисті басшы етті деген ғалымдар министрге ашық хат жолдаған. Соның негізінде апта бұрын университетте тексеру жұмыстары басталды. Комиссия мүшелері ұжымның хатын ғана емес экс-ректор арызын да негізге алған. Айта кетейік, педагогтар Анар Қайырбекованы қысым көрсетті деп айыптаса, экс-ректор оларды жемқорлыққа жол берді деп арызданған.

Баршагүл Исабек, проректор: «Апта бұрын университетке комиссия келді. Олар тексеру жұмыстарын жүргізіп, Қайырбекова айыбын негізсіз деп тапты. Ал, біздің арызымыздың оңды екенін анықтады. Айта кетейік, мені ол «жемқор» деген болатын. Жұрттың бәрін жемқор көріп жүрген оның өзі де таза емес екен. Туған күніне студенттерге сыйлық бергізіпті».

Тағылған айыптарды естіген Анар Қайырбекова еріксіз күлді. Және ұжымға бұрын соңды болмаған жақсылықты жасадым дейді. Сөзінше, педагогтарға үстемақы беріліп, жалақысы көтерілген. Ал, 800 мың теңгенің құлпына келетін болсақ, оны өзімен бірге әкетпегенін айтады.

Анар Қайырбекова, экс-ректор: «800 мың теңгенің құлпын өзіммен бірге әкеткен жоқпын. Онымен қоса ҰБТ тапсырушыларға арналған видеобақылау қондырғыларын да алдық қой. Бұрын соңды мұндай құрылғы бұл оқу орнында болмаған еді. Бар ойым сыбайлас жемқорлыққа қарсы тұру еді. Одан бөлек, осыған дейін болмаған үстемақы беріп, жалақыларын да көтердім».

Бір бірінің мінін іздеген ұстаздар мен экс-ректор арасындағы дау жуық арада аяқталмайтын сыңайлы. Бұған дейін А. Қайырбекова ұстаздарды сотқа берсе, енді педагогтар да қарап қалмайтынын айтады. Олар экс-ректорға жала жапты деген айыппен арызданбақ.

   Назерке Үкібасова