Сайрам ауданында жер дауы қақтығыстарға ұласу қаупі бар. Аудан әкімі Ұласбек Сәдібектің есептік жиынына келген тұрғындар осылай деді. Көпшілік билік өкілдерінен өңірде әбден ушығып кеткен бұл шиеленісті тездетіп шешуді талап етті. Шенеуніктердің шешімі қалай болмақ?

Былтырғы жылы атқарылған жұмыстар жергілікті халықты қаншалықты қанағаттандырды? Есептік баяндама аяқтала салысымен халық аудан әкіміне сұрақ қою үшін көпшілік микрофонға қарай ағылды.

Ә дегеннен сансыз баптар мекенінде бүгінде тым шиеленісіп кеткен жер дауын көтерді. Тұрғындардың айтуына қарағанда бір ғана ауылдық округте мыңнан аса жер телімі заңсыз сатылып кеткен. Осыдан 10-15 жыл бұрын «бөліп ал да, билей бер» саясатымен «ұстағанның қолында, тістегеннің аузында» кеткен алаңшалар қазір халықтың да, биліктің де бас аурына айналған.

Заңсыздықтардың салдарынан қазір тұрғындардың бірі малын жая алмай, енді бірі егістік еге алмай, кейбірі тіпті баспана сала алмай отыр. Былтырғы жылды қорытып, есебін берген аудан әкімі Ұласбек Сәдібектің сөзіне сенсек, барлық салада өсім бар.

Аудан басшысының сөзіне қарағанда, жергілікті халықты тиісті инфрақұрылыммен қамтамасыз етуде де жұмыстар жүйелі.

Бүгінде аудан тұрғындарының 100 пайызға жуығы таза ауыз су тұтынады. Дегенмен, табиғи газ мәселесі өзекті күйде қалып отыр. Соңғы екі жылда 12 елді-мекенге газ құбыры тартылыпты.

Айта кетейік, бүгінде Сайрам ауданында 17 мыңнан аса тұрғын жер телімін алу үшін кезекте тұр. Ушығып тұрған жер дауын шешуге қазір құқық қорғау органы мен билік өкілдерінен құралған арнайы комиссия іске кірісіпті. Бұл мәселе қазір облыс әкімі Өмірзақ Шөкеевтің назарында.

Мақпал Рысбаева