Сарыағаш шекара бекетінде көлік иелерін қорқытып, ақша алып отырған қылмыстық топ ұсталды

330
inform.kz

Түркістан облысында ақша бопсалаған қылмыстық топ құрықталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат облыстық полиция департаментіне сілтеме жасап.

Өңірлік полиция мен ұлттық қауіпсіздік комитеті қызметкерлері Сарыағаш қаласындағы «Қапланбек» шекара өткізу бекетінде ұзақ уақыт бойы ТМД жүк тасымалы жүргізушілерінен 15 мыңнан 50 мың теңгеге дейін ақша бопсалаған «Сарыағаш» қылмыстық тобын құрықтады.

«Өзбекстанға жол жүрген азаматтар ақша беруден бас тартқан жағдайда қылмыстық топ оларды қорқытып, ұрып-соғып, көлігінің алдыңғы әйнегін сындырып, дөңгелектерін тесіп кеткен. Операция барысында жедел уәкілдер күдіктілерді тұрғылықты жерінен ұстады. Барлығы 13 күдікті анықталды. Ұсталғандардың бәрі — Түркістан облысының тұрғындары» делінген хабарламада.

Қазіргі уақытта аталған фактілер негізінде Қылмыстық кодекстің 194-бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу жүріп жатыр. Күдіктілер қамауға алынды. Айғақ ретінде қару, пышақ және ақша алынды. Полиция қызметкерлері қылмыстық топтың басқа да осыған ұқсас қылмыстарға қатысы бар-жоғын анықтап жатыр.