Сарымсақтың 10 пайдасы және бірнеше зияны

9520

Адамның қорғанышы – иммун жүйесі. Түрлі жұқпалы ауруға қарсы тұру қабілетіміз де сол иммун жүйеміздің мықтылығына тікелей байланысты. Иммунитетті күшейтуде тамақ рационы аса маңызды. Міне, осындай да сарымсақ жеудің пайдасы көп екенін жиі естиміз. Сонымен сарымсақтың қандай пайдасы және «пайдалы екен» деп шамадан тыс жеудің нендей зияны бар?

Ең алдымен пайдасын тізіп шығайық

1. БАКТЕРИЯМЕН КҮРЕСЕДІ
Сарымсақты шикідей жегенде, аллицин заты бөлінеді. Бұл зат түрлі зиянды бактерияларды жояды. Сондай-ақ, антисептикалық, яғни залалсыздандыру қабілетіне ие. Егер сарымсақты қыздырса немесе ыстық суға салса, онда аллицин бөлінбейді. Ас мәзіріне шикі сарымсақты қоссаңыз, ағзаңызды өкпе құрты, дизентерия, кандидоз бен герпес ауруларын тудыратын түрлі бактериялардан қорғайсыз.

2. ҚАНТАМЫРЛАРЫНЫҢ ҚЫЗМЕТІН РЕТТЕЙДІ
Сарымсақтың құрамындағы аллицин жүрек-қан тамырлары жүйесінің қызметін реттейді. Күніне сарымсақтың бір бөлігін жесе, қантамырларын нығайтып, қан айналымын жақсартады, залалды холестерин мөлшерін 10 пайызға төмендетеді. Сәйкесінше, қанның ұюын болдырмай, жүрек талмасының алдын алады. 12 апта бойына сарымсақты үзбей қолдану артериалды қан қысымын реттейді.

3.ҚАНДАҒЫ ҚАНТ МӨЛШЕРІН ТӨМЕНДЕТЕДІ
Қант диабетімен ауыратындар күнделікті сарымсақ жегені жөн. Сарымсақ қандағы қант мөлшерін 25 пайызға төмендетеді. Бауырдағы инсулиннің ыдырауын баяулатады. Сонымен қатар, қан тамырлары және күре тамырларының жұмысын реттеп, қант диабетімен ауыратындардың жүрек қағысын жақсартады.
4. ИММУНИТЕТТІ КҮШЕЙТЕДІ
Сарымсақ вирусты ауруларды емдеуде және олардың профилактикасында таптырмас табиғи дәрілік құрал. Сарымсақты күнделікті пайдалану, тұмау-сырқауды 60 пайыз алдын алуға болатыны дәлелдеген. Тұмаудың алдын алу немесе ауыра қалған жағдайда емдеу үшін күніне 2-3 рет мұрынға сарымсақтың суын тамызған жақсы.

5. ҚАТЕРЛІ ІСІКТІ АЛДЫН АЛАДЫ
Сарымсақ құрамындағы күкірт, диаллил сульфид, саллил цистеин мен селен ағзадағы шлакты сыртқа шығарып қана қоймай, қатерлі ісік жасушаларын өлтіреді. Зерттеулер нәтижесі сарымсақты күнделікті қолдану қатерлі ісіктің пайда болуын 20 пайызға төмендететінін көрсеткен. Соның ішінде, асқазан рагі, тоқішек ісігі, бауыр, сүт безі ісігі қаупін азайтады.

6. ПАРАЗИТТЕР
Аскоридозбен жер бетінде 1 млрд адам ауырады екен. Бұл ересектер мен балаларда кездесетін ауру. Оны тудырушы – аскарида, яғни ішек құрты. Ал сарымсақ ішек құрттарымен күресудің табиғи әрі тиімді жолы. Сарымсақты шикі жеген жөн. Немесе 200 мл сүтке (балаларға 70 мл) 1 бөлік сарымсақ салып, әбден жұмсарғанша қайнатыңыз. Жылы күйінде сүзіп алып, клизма жасау керек. Клизманы бір апта күнделікті жатар алдында жасаған дұрыс.

7. АС ҚОРЫТУ
Сарымсақ ас-ішек жолдарына өте пайдалы. Оны күнделікті пайдалану, асқазан сөлінің бөлінуін және темірдің дұрыс сіңуіне көмектеседі. Ас-қорыту процесін жақсартады. Қарынның жұмысын реттейді. Ішек жұмысын жақсартады. Тәбетті көтереді. Алайда асқазан ойық жарасы және басқа да аурулардың асқынуы кезінде сарымсақты қолданбаған абзал.

8. БУЫН АУРУЛАРЫ
Сарымсақтың аяқ-қол буындары үшін пайдасы зор. Тұз жиналудың алдын алуға болады. Зақымданған буынның тіндерін қалпына келтіреді. Сүйек майларының азаюын болдырмайды. Остео-артриттің алдын алады. Сондықтан да сарымсақты ас мәзіріне қосыңыз.
9. ТЕРІНІ ҚАЛЫПҚА КЕЛТІРЕДІ
Сарымсақтың құрамындағы дәрумендер теріні серпінді етеді. Безеудің пайда болуын азайтады. Әжімнің, бет терісінің қартаюын алдын алады. Бұл үшін сарымсақтан жасалған маска жасау міндетті емес. Күніне сарымсақтың 1-2 бөлігін жесеңіз болғаны.

10. АРТЫҚ САЛМАҚПЕН КҮРЕС
Сарымсақ – дұрыс тамақтану механизімінің тетігі. Сарымсақты жеу арқылы артық салмақтан арылып қана қоймай, сол қалыпты ұзаққа дейін сақтауға мүмкіндік бар. Сол үшін күніне 2-5 грам сарымсақ жеген жөн. Бұл дегеніміз 1-3 тіс сарымсақ. Сондай-ақ, зімбір қосылған сарымсақ шайын ішуге де болады. Ол үшін: зімбір тамыры – шамамен 4 см болатын тілімі, сарымсақ – 2 тісше, су. Дайындалуы: зімбір мен сарымсақты ұсақтап тураймыз. Оған 2 л ыстық су құйып, 1 сағат көлемінде су буында немесе термоста демдейміз. Артынша сүзіп алып, күні бойы аздаған мөлшерде бірнеше рет ішеміз.

Сарымсақтың зияны қандай?

Сарымсақ құрамы түрлі элементтерге өте бар. Десе де оны шамадан тыс жеуге болмайды. Әйтпесе, уланып қаласыз. Күніне 8 тіс сарымсақты жесе, қан кетеді. Сарымсақты аш қарынға жемеген жөн. Асқазаны ауыратындар ауруы асқынған не қозған кезде сарымсақты жемегені дұрыс. Сарымсақты көп жесе, ішке газ көп жиналады. Жүрек айнып, бас ауырады. Дене температурасы көтеріледі. Сарымсақты балғын күйінде жеген жөн. Сонда ғана оның құнары мен пайдасы бойға дариды.

Дайындаған — А.Ермекқызы

«Оңтүстік Рабат», №6, 5 ақпан 2020 ж