Шардаралықтар тоз-тозы шыққан баспаналарда тұрып жатыр. Ауданда 40 жылға жуық жөндеу көрмеген көпқабатты тұрғын үйлер бар. Бұл туралы аудан әкімінің есептік жиынында айтылды. Шағалалы өңірде шешімін күткен тағы қандай мәселе бар?

Көп қабатты тұрғын үйде пеш жағып күнелтеді. 30 жылдан бері аядай ғана екі бөлмеде тұрып келе жатқан Радиковтер баспананың осыған дейін бірде-бір рет жөндеу көрмегендерін айтады. Есік-терезелері ескіріп, қабырғалары қақырай бастаған пәтерді жылытудың өзі мұң. Еденнен сыз өті,п балалар да жиі сырқаттанады екен. Жаңғырту жұмыстарына бір ауыздан келісім берген тұрғындар кезектерін асыға күтіп жүргендерін айтып мұңайды.

Владимир Радиков, тұрғын: «Жөндеу жұмыстарын жүргізуге өзіміздің қаржылай мүмкіндігіміз келмейді. Әйтпесе, ешкімді де күтпей-ақ әлдеқашан жөндеп алар едік. Мұнда кілең тұрмысы төмен отбасылар тұрады. Мәселен, біз тек балаларға беріліп жатқан жәрдемақы мен әркімнің тұрмыстық техникаларын жөндеп табатын тиын-тебенімен күнелтіп отырмыз. Ал жөндеу жұмыстарының шығыны көп».

Бұл мәселе өткен жылды қорытып есеп берген аудан әкімі Қайрат Жолдыбайдың есептік жиынында да айтылды. Барлық салада көрсеткішіміз көтеріліп келеді сендірген аудан басшысы шешімін күткен күрделі мәселелерді де іркіп қалмады. Айтуынша, қазір ауданда күрделі жөндеуді қажет ететін 24 көп қабатты тұрғын тұрғын үй бар.

Қайрат Жолдыбай, Шардара ауданының әкімі: «24 тұрғын үйдің сметалық құжаттамасы әзірленді. Модернизация бойынша бағдарламалар бар. Республикалық бюджетке ұсыныстар бердік».

Бұл баспаналар 1980 жылдары салыныпты. Шатырлары ескіріп, инженерлік-коммуникациялық жүйелері де сыр берген. Былтыр 23 үй күрделі жөндеуден өтіпті.
Жергілікті халықты көгілдір газбен қамтуда да шардаралықтар әлі де көшке ілесе алмай келеді. Аудан бойынша небәрі 3 елдімекен ғана табиғи отынға қол жеткізген. Бұл халықтың небірі 17 пайызын ғана құрайды.

Қайрат Жолдыбай, Шардара ауданының әкімі: «Биыл газдандыру жұмыстарын 4 кезеңге бөлдік. Былтыр 1-кезең бойынша жұмыстар басталды. Шілдеде аяқталады. Газ трубаларын жеткізу қиын болды. Соған байланысты бұл бағыттағы жұмыстар кешеуілдеп кетті. Аудан орталығын газдандыру бойынша жоба дайын. Жалпы 1,5 млрд. теңгені құрайды. Осыған дейін жасалмауына кедергі болғаны — газдың үлкен құбырының болмауы».

Елді аузына қаратып ерекше форматта есеп бермесе де аудан әкімі өткен жылы атқарылған жұмыстарды жіпке тізгендей етіп баяндап берді. Бастысы, ауданды жарты жылға жуық басқарса да шағалалы өңірдің қыр-сырын бес саусақтай білетінін аңғартты. Билік өкілдері тұрғындар тарапынан түскен талап-тілектердің де ескерілетініне сендірді.

Мақпал Рысбаева