Түркістан облысының прокуратурасы жанындағы заңдылықты, құқықтық тәртіпті және қылмысқа қарсы күресті қамтамасыз ету жөніндегі Үйлестіру кеңесі Сарыағаш ауданына оралып, көшпелі отырысын қайта өткізді.

Облыс прокуроры Нұрғалым Әбдіровтің төрағалығымен өткізілген Үйлестіру кеңесінің жұмысына облыс әкімі мен сот төрағасы, құқық қорғау және уәкілетті органдарының бірінші басшылары қатысты.

Күн тәртібіне сәйкес бірінші сұрақ ретінде Кеңес мүшелері облыстағы этносаралық келісім мәселелері бойынша уәкілетті органдардың атқарып жатқан жұмыстарының тиімділігін қарап, ұлтаралық келісімді реттеу және этностар арасында қақтығыстардың алдын алу және болдырмау жолдарын талқылады.

Екінші сұрақ бойынша өткен жылы Сарыағаш қаласында өткізілген Үйлестіру кеңесінің отырысында берілген тапсырмаларды құзырлы органдардың орындау жағдайларына баға берілді.

Кеңес отырысында Н.Әбдіров кеден маңында қалыптасқан проблемалар өңіріміз үшін маңызды сұрақтардың бірі болып табылатынын атап өтіп, құзырлы органдардың жыл көлемінде сол төңіректе белең алып жатқан заңсыз валюта айырбастау, ретсіз сауда жүргізу, заңсыз миграция мен жолаушы тасымалдау орындарын ретке келтіру жөнінде берілген тапсырмаларды орындаусыз қалдырғанын тілге тиек етті.

Баяндама жасаған облыс прокурорының бірінші орынбасары А.Пашаев: «Оңтүстік аумақтарда алаяқтық, пәтер ұрлығы, тонау, қарақшылық пен есірткі затының заңсыз айналымына байланысты қылмыстар өскен. Бұл жөніндегі статистикалық мәліметтер – құзырлы органдардың қылмыс пен құқық бұзушылық профилактикасы жұмыстарының тиімсіздігін көрсетіп отыр», – деп атап өтіп, кеден айналасындағы бірқатар заңсыздықтардың тыйылмай жатқанын баяндады.

Шетел азаматтарының көші-қон саласында жалған карточкаларды пайдалану деректері көбейген. Шекара қызметі осындай заңсыздықтарға қатысты 2018 жылы – 62, 2019 жылы – 249 фактіні тіркеген.

Кеден бекеттерінен өтіп жатқан жүк көліктері сапасыз тексерілуде.
Мәселен, «Атамекен» кеден бекеті арқылы 2019 жылы Өзбекстан Республикасынан Қазақстан Республикасына 4 765 дана ауыр жүк көліктері жалпы салмағы 93 106 тонна қиыршық тастарын тасымалдаған.

Елге қиыршық тастарды әкеп, көліктің жанар-жағармай багының конструкциясын өзгерту арқылы 1 тонна көлеміндегі жанар-жағармайды Өзбекстан Республикасына өткізуді жүзеге асырып келген.

Мысалы, дайындаушы зауыт шығарған «КамАЗ» 55111 маркалы жүк көлігінің стандартта көзделген багының көлемі 250 литрді құраса, Өзбекстаннан келген осы көліктерінің бактары 1000-1500 литрге арналып, қайта жабдықталған.
Көрші елде Қазақстан Республикасына қарағанда жанармайдың әр литрі 50 тенгеге қымбат. Ал науқан кездерінде Қазақстан Республикасының жергілікті аудан тұрғындары үшін жанар-жағармай тапшылығы туындап, үлкен мәселеге айналуда.
Кеден бекеттері маңында орналасқан автотұрақтардың жағдайы да сын көтермейді. Типтік түрде салынбаған және антисанитариялық жағдайлардағы автостанцияларда тиісті рұқсаты жоқ және техникалық талаптарға сәйкес келмейтін көлік құралдары күнделікті жолаушыларды тасымалдауда.

«Атамекен», «Қапланбек», «Қазығұрт» пен «Қонысбаев» кеден бекеттеріндегі ретсіз сауда орындары және валюта айырбастау пунктері әлі күнге дейін заң талаптарына сәйкестендірілмеген.

Жыл бойы осы және басқа да мәселелерге жауапсыздықпен қараған құзырлы органдардың лауазымды тұлғалары аталған мәселелер тұрғысында берген есептері мен жауаптары тындалып, оларға берілген тапсырмаларды орындау турасында қатаң нұсқаулар жасалды.

Ахуалды түзету мақсатында облыс прокуроры өз міндеттерін талапқа сай орындамаған лауазым иелерінің жауаптылығын қатаң түрде қарауды ұсынып, кеден маңында қалыптасқан проблемалық жұмыстарды қайта қарауды тапсырды.