Шымкент:Мешіттердегі ұрлық тыйылмай тұр

486

Шымкенттің мешіттерінде ұрлық тыйылмай тұр. Сұқ қолдылар көбіне бесін және құптан намазы оқылатын уақытта мешіттегі жамағаттың затын ұрлайды. Олар ең алдымен әмиян, ұялы телефонды қолды қылады. Соңғы кездерді тіпті аяқ киімдерді ұрлау жиілеген. Алланың ақ үйіне Құдайға құлқышылық қылуға емес, қылмыс жасауға баратындарға тағайындалатын жаза қандай? Сауалға жауап іздеп көрдік. 

садақа жәшігі

Мешітке сауап жинауға емес, кісінің мүлкін ұрлауға келетіндердің қалай әрекет ететінін «Ыбырай қажы» мешітінің бас имамы да біліп алған. Мешіттегі жамағаттың заты қайта-қайта жоғала берген соң, Құдайдың көріп тұрғанын елемейтіндер камерадан аяқ тартатын шығар деп бейнебақылау камерасын орнатқан. Алайда ол да қылмыскерге кедергі емес екен. Ұсақ-түйекті ұрлауға құныққан қылмыскерлер мешіттегі садақа жәшігін де үптеп кетіпті.

Насриддин Мәуленов

Насриддин Мәуленов, «Ыбырай қажы» мешітінің бас имамы: «Терезеден кіріп, садақа жәшігін аударып, ішіндегі ақша және тиын-тебеннің бәрін алып кеткен кездері де болған. Ұры енді алыстан келмейді, ол осы жерді аңдып жүрген тіпті намазханның ішінде жүруі де мүмкін. Бірақ олар ұрлыққа түскенде бет-әлпетін, жүзін тұмшалап алады екен. Сосын оны ешкім танымайды».

Ал Шымкент қаласы полиция департаменті келтірген сандарға сүйенсек, өткен жылы қала аумағындағы мешіттерде 68 ұрлық тіркелген. Биылдың өзінде Алла үйіне келгендердің затына 24 рет қиянат жасалған. 15 ұры ұсталған.

Исмаил Мамедов, Шымкент қаласы полиция департаменті криминалды полиция басқармасының аға жедел уәкілі: «Көбіне мешітті тонауға немесе ондағы жамағаттың қалтасын тінтуге келетін ұрылар — әлеуметтік жағдайы төмен отбасының балалары. Немесе жетімдер. Олардың дені — қылмысқа жоқшылықтан барғанын айтып ақталғысы келеді. Олардың жас ерекшелігі — 14 пен 30-дың аралығында».

Әдетте мешітте жасалған ұрлық ашылмай қалады. Ал ұрыны табуға бейнебақылау камераларының көмегі орасан. Шымкент қаласының аумағында барлығы 106 мешіт бар болса, оның 92-сінде бейнебақылау камералары орнатылған екен.

Мұхамеджан Естеміров

Мұхамеджан Естеміров, Шымкент қаласы Бас имамының орынбасары:»Қала аумағына енді ғана қосылған елдімекендердегі мешіттерде бейнебақылау камералары қойылмаған. Мәселен, Сайрам ауданынан бізге енген Сайрам ауылындағы мешіттерге енді орнатылады. Әрине, қаржы мәселесі бар, енді демеушілерді тарту керек».

«Әзірге мешіт салатын меценаттар табылып жатқанымен, қаланың шетіндегі құлшылық үйіне камера қойып бергісі келетін мырзалар аз», — дейді имам. Дегенмен, бұл мәселені соңына дейін жеткізуге ниетті.Айта кетейік, ұрлық үшін қылмыстық кодексте 3 жылдан 5 жылға дейін қамау қарастырылған. Бұған дейін, жәбірленуші тарап кешірім берсе, ұсақ-түйек ұрылары жазадан босатылатын. Енді заң күшейтілді. Алла кешірсе де, прокурор кешірмейді.

Мөлдір Бекеева