Шымкентте қылмыс саны азайғанымен, қылмыскерлердің саны артқан

420

Шымкент қаласындағы соттардың қарауына өткен жылы 1976 қылмыстық іс түскен. Бұл 2018 жылмен салыстырғанда 368-ге аз. Бірақ, бұл жылы сотталғандардың қатары артқан. Яғни, 12 айдың ішінде 1348 адам бас бостандығынан айырылыпты. Дені – аса ауыр қылмыс жасаған.

Ербол Жанғазин, Шымкент қалалық сотының қылмыстық істер жөніндегі аппеляциялық сот алқасының төрағасы: «Шымкентте ауыр қылмыс жасағандар өте көбейіп кетті. Сонымен қатар, санаты аса ауыр қылмыстар да бар. Бұл бойынша 2018 жылы 380 адам сотталса, осы 2019 жылы 404 адам бас бостандығынан айырылып отыр».

Шымкент қалалық сотының қылмыстық істер жөніндегі аппеляциялық сот алқасының төрағасы Ербол Жанғазинның айтуынша, былтыр сотта қаралған істердің басым бөлігі – алаяқтықтыққа қатысты болыпты. Бұл бап бойынша 45 адам сотталған. Қатарында мемлекеттік қызметкерлер мен құқық қорғау органдарының өкілдері де бар.

Ербол Жанғазин

«Мемлекеттік қызметкерлердің өздері өздерінің құзырында болмаса да көп жағдайларда «шаруаларды» орындап беремін деп, алаяқтық қылмыстарға барған. Оның ішінде полиция қызметкерлері де бар. Автокөлік жүргізушілерін тоқтатып: «Біз сіздерге хаттама толтырмаймыз, әкімшілік жазадан құтқарамыз», — деп, алаяқтық жасағандар көп кездесті», — дейді Ербол Жанғазин.

Сондай-ақ, сыбайлас жемқорлыққа жол берген мемлекеттік қызметкерлер де аз емес. Бірақ, парақор шенеуніктердің дені — сот залынан айыппұл төлеп, босап шыққан.

«Жалпылама алғанда бұл бойынша 175 тұлғаға қатысты 170 іс қаралған екен. Оларға барлығы — 240 млн 238 659 теңге айыппұл салынды. Оның ішінде сыбайлас жемқорлық қылмысы пен алаяқтық жасағандары да бар. Қазіргі уақытта өндірілген сомма — 138 млн 35 275 теңге», — дейді төраға.

Айта кетейік, Шымкентте қылмыс саны азайғанымен, қылмыскерлердің саны артты деп сөзін қорытқан төраға тергеушілерге ұйымдасқан қылмыстық топтардың жолын кесуде ептілік танытуын тағы да ескертті.

Мөлдір Бекеева