Шымкентте бүргені улағаннан қайтыс болды делінген бүлдіршінге қатысты прокуратура мәлімдеме жасады. Қадағалаушы орган өкілдері бұл іс бойынша қазір сотқа дейінгі тергеу амалдары басталғанын айтады.

Көпқабатты үйде болған қайғылы оқиғадан зардап шеккен 3 және 5 жастағы қос балақай бүгін жансақтау бөлімінен жалпы палатаға ауыстырылған. Беті бері қараған соң, дәрігерлер оларға таза ауаға серуендеуге де рұқсатын беріпті.

Алинұр Лабусько

«Балалардың жағдайы әзірге бірқалыпты сияқты. Бүгін 1 сағат далаға шығып, таза ауа жұтып серуендеп қайттық. Енді бәрі жақсы болса екен», – дейді балалардың анасы Алинұр Лабусько.

Қаладағы Т.Орынбаев атындағы жоғары қысымды оксигенация орталығының дәрігерлері ауруханаға ағзасы уланып түскен бұл балаларға қазіргі кезде қажетті ем-домның бәрі жасалып жатқанын айтады. Бірақ, әзірге науқастардың үйлеріне қашан және қай уақытта шығарылатыны белгісіз.

Асылхан Мыңбосынов, Т.Орынбаев атындағы жоғары қысымды оксигенация орталығы токсикология бөлімінің меңгерушісі: «Науқастар ауруханаға ауыр халде жеткізіліп, қабылдау бөлімінен бірден жансақтау бөліміне жатқызылған еді. Енді балалардың жағдайы – орташа дәрежеде. Қажетті медициналық емдеудің бәрі жасалып жатыр».

Қазіргі кезде улану дерегі тіркелген көпқабатты үйдегі дәрілеу жүргізілген ошақ пен маңындағы 12 пәтерден сынамалар алынған. Сараптама тағайындаған санэпидемиологтар зиянкестермен күресті екі түрлі әдіспен, яғни уды сұйықтық күйінде және газ шашу арқылы жүргізгенін де анықтап отыр. Ал прокуратура жұқпалы аурулар ауруханасына жеткізіле сала шетінеп кеткен 8 айлық шақалақ пен қайғылы жәйттің орын алу себеп-салдары, тергеу барысы толық бақылауға алынғанын баяндады.

Руслан Заурбеков

Руслан Заурбеков, Шымкент қаласы прокуратурасының аппарат басшысы: «Аталған фактілер сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне тіркелген. Бүгінгі таңда қала прокуратурасының нұсқауымен аталған екі қылмыстық іс бір өндіріске біріктіріліп, ҚК 304-бабы 3-бөлігімен сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізілуде».

Айта кетейік, Шымкентте 2019 жылдың 3-қарашасында улану белгілерімен бір отбасы ауруханаға жатқызылып, екі кәмелет жасына толмаған бала өмірден өткен еді. Бірақ, бұл қайғылы оқиғаның да орын алу себебі әлі күнге анықталмай отыр.

Мөлдір Бекеева